«Жауапты тұлғалардың жауапкершілікке тартылмауынан болды»: Нұрымова су тапшылығына жол бергендер жайлы
Ол қырғыз билігімен келісім уақытылы жасалмағаны мәселені ушықтырғанын айтты
«AMANAT» партиясының атынан сайланған депутаты Гүлдара Нұрымова су тапшылығы мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«2023 жыл еліміздің, әсіресе оңтүстік өңірдің шаруа қожалықтары үшін қиын болып отыр. Соның ішінде, Жамбыл облысының 6 ауданында төтенше жағдай жарияланды. Осыған дейін облыста қолданыстағы суармалы жерлерді ағын сумен қамтуды жақсарту мақсатында 2019 жылдан бастап Халықаралық қаржы институттарының несиесі есебінен жалпы құны 40,0 млрд. теңге құрайтын 2 жоба жүзеге асырылып бастаған. Аталған жобалардың әкімшісі-Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» кәсіпорны.Айта кету керек, аталған 2 жоба 2021 жылы бітіп, жалпы 114 мың гектар алқапты сумен қамтуы керек еді», - дейді Нұрымова.
Ол атағандай, жобалау-сметалық құжаттаманың сапасыз әзірленуіне, жосықсыз мердігерлердің жұмысына және «Қазсушар» кәсіпорны тарапынан бақылаудың әлсіздігіне байланысты жобалардың аяқталуы ағымдағы жылдың желтоқсанына ауыстырылған.
«Жұмыстың уақытылы аяқталатыны үлкен күмән туғызады. Оған қоса, атқарылған жұмыстардың сапасы сын көтермейді. Бүгінгі таңда жобалар аясында жоспардағы 54 мың гектардың тек 34 мың алқабы ғана ағын сумен қамтылған. Жауаптылардың салғырттығы салдарынан 20 мың гектарға жуық жерді иеленіп отырған шаруалар шығынға батуда. Олардың шығындарын өтеу бойынша Үкіметтен бөлінетін қаржы әр зардап шеккен шаруаға әділ түрде жетуі керек. Бұл қалай қадағаланады? Ал шаруаларды сумен қамтуға қатысты сырттан алынған қарыздарды қалай және кім өтейді? Бұл мәселеге нақты кім жауапты?», - деді депутат.
Депутаттың айтуынша, ағын суды алу бойынша қырғыз билігімен жүргізілген келіссөздердің уақытылы жасалмағандығы және нәтижесіз болуы су тапшылығын ушықтырып отыр.
«Неліктен алдын алу шаралары дер кезінде қабылданған жоқ?Президентіміз өз жолдауында «Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу–аса маңызды міндеттер. Еліміздің болашағы баянды болсын десек -біз еліміздің байлығын, табысын азаматтарымыздың арасында әділ бөлуіміз қажет» деп атап өтті.Біздің мемлекетімізде осындай өрескел кемшіліктердің болуы салаға жауапты тұлғалардың тиісті құқықтық жауапкершілікке тартылмауының салдары деп санаймыз. Бұл кемшіліктер кез келген салада қайталануы мүмкін. Сондықтан осы мәселе бойынша қызметтік тергеу жүргізіліп, тиісті тұлғалар жауап беруі тиіс», - деді ол.