СҚО-да коронавирус жұқтырды деген азамат диагнозын жоққа шығарды

Автор: Azattyq Rýhy

«Омбыдан коронавирус жұқтырып келді» деген Петропавл тұрғыны сұхбат берді

Фотоларда: Петропавлда коронавирус жұқтырды деген науқастың үйі

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 24 наурыз күні Солтүстік Қазақстан облысында короновирус жұқтыру бойынша алғашқы факт тіркелді. 26 жастағы науқас қазір Петропавл қаласындағы инфекциялық ауруханада жатыр. Ол өзінің коронавирусқа шалдықпағанына, сараптама нәтижесі де оны растайтынына сенімді. Azattyq Rýhy тілшісі телефон арқылы байланысқа шығып, емделушімен сұхбаттасқан еді.

«КОРОНАВИРУСҚА ШАЛДЫҚПАҒАНЫМА СЕНІМДІМІН»

Сырқат наурыздың 23-і күні Ресейдің Омбы қаласынан пойызбен келген. Содан соң таксимен үйіне жеткен. 24 наурыз күні өзін жайсыз сезініп, ыстығы көтерілген соң жедел-жәрдем қызметін шақыртқан.

«Ыстығым 37,3 градусқа дейін көтерілді. Қабынуға қарсы дәрі мен парацетамол қабылдадым. Дене қызуы түспеді. Одан кейін медициналық жедел жәрдем қызметіне хабарластым. Тексерілгенім артық болмас деп ойладым. Дәрігерлер мені бірден карантинге алып кетті. Тамағым мен мұрнымнан сараптамаға жақпа алынды. Мамандар оның қорытындысын айтпастан, 6 сағаттан кейін мені инфекциялық ауруханаға жеткізді. Сол аралықта БАҚ-та Солтүстік Қазақстан облысы тұрғынының коронавирусқа шалдыққандығы туралы ақпарат жарияланып үлгерді. Жалған мәліметтің қалай және не үшін таратылғанын білмеймін. Екінші рет сараптама алғанда, дәрігерлер жұқпа расталмағанын айтты. Мен Ресейде болған кезде Омбыда коронавирусқа шалдыққан адамдар анықталған жоқ. Аталған сырқатпен ауырғандармен қарым-қатынаста болған жоқпын», - дейді ол.  

Емделуші Омбы қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде сырттай бөлімде оқиды. Ол қазір өзінің жағдайы жақсы екенін айтты. Дене қызуының 37,5 градусқа дейін көтерілгені болмаса, басқа шағымы жоқ.

«Мен қазір арнайы бокста жалғыз өзім жатырмын. Аллергияға, қабынуға және вирусқа қарсы дәрі-дәрмек береді. Кеше кешке дене қызуым 36,7 градус болса, таңертең 37 градусты көрсетті. Өзімді жақсы сезінемін. Мұрынның бітелуі, жөтел, кеуденің шаншуы сынды ешқандай ауру белгілері жоқ. Барлығы қалыпты. Дәрігерлер, мейірбикелер арнайы киіммен жүр. Жағдай жасалған, оған еш шағымым жоқ. Дер кезінде тамақтанамын. Тек коронавируспен ауырып жатқаным жоқ. Соны жеткізгім келеді», - дейді емделуші.

ЖЕКЕ АҚПАРАТТЫ ТАРАТҚАНДАР ЖАУАПҚА ТАРТЫЛАДЫ

Бүгінгі күні әлеуметтік желілерде сырқаттың аты-жөні, тұрғылықты мекенжайы көрсетілген ақпарат тарап кетті. Тіпті, қай уақытта, қандай шағыммен дәрігер шақыртқаны да жазылған. Петропавл тұрғыны өзі жайында жеке мәліметті жария еткендерді анықтау үшін полицияға шағымданғанын да жеткізді.

«Мессенджерлерде суреттеріме дейін тарап кетті. Ақпаратты оңды-солды үлестірген адамдарды сотқа беремін. Полицияға арыздандым. Қазір бұл мәселемен мамандар айналысып жатыр. Ал адвокатым сотқа шағымдануға қажетті материалдарды жинақтап жатыр. Осының кесірінен әлеуметтік желілерде маған қатысты көп жағымсыз пікірлер жазылды. Жеке басыма тіл тигізгендер де көп. Ол жазбалар қазір өшірілді. Менің пойыздан түсіп қашқаным жайында қауесет таратқандар да бар. Мен ешкімнен қашқаным жоқ, өз аяғыммен үйге келіп, өзім дәрігер шақыртқанымды тағы бір айтқым келеді», - дейді ол.

ҮЙІ ҚОРШАУҒА АЛЫНҒАН

СҚО Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті хабарлағандай, аталған азаматтан қосымша қан сараптамасы алынып, Алматы қаласындағы референс-зертханаға жіберілген болатын. Аталған мекеме жетекшісінің орынбасары Татьяна Горлова оның нәтижесі шыққанға дейін алғашқы тест көрсеткен мәлімет қана негізге алынатынын жеткізді.

«Материал Алматы қаласындағы референс-зертханаға жіберілді. Оның нәтижесі белгілі болғанда ғана нақты жауап береміз. Бұған дейінгі сараптама күмәнді болды. Сондықтан қосымша талдау жасауды ұйғардық. Вирустың өз ерекшелігі бар. Белгілі бір жағдайда олар көбеймесе, тесттік жүйе оларды анықтай алмайды. Сондықтан коронавирус диагнозы қойылған адамнан алынған сараптамаға бірнеше мәрте талдау жасалды. Енді ол расталады немесе жоққа шығарылады», - дейді Татьяна Горлова.

Коронавирус диагнозы қойылған науқас сараптама нәтижесін тағатсыздана күтіп жүргенін айтты. Ауру расталмаған күннің өзінде де ол таяу арада үйіне қайтуға үміттенбейді.

«Диагноз расталмаған күннің өзінде дәрігерлер мені ауруханадан шығаратынына сенімді емеспін. 14 күн бойы карантинде жатуым әбден мүмкін. Ал көршілерімді бекерден-бекер «үйқамақта» ұстап отыр. Себебі, вирусты жұқтырмағанымның расталатынына сенімдімін», - дейді ол. 

Сырқат тұратын подъезд қоршауға алынып, үй толықтай зарарсыздандырылған. Полиция қызметкерлері аталған нысанда күндіз-түні кезекшілік атқаруда. Тұрғындарға пәтерлерінен шығуға тыйым салынған. Қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмек қана жеткізіліп тұрады. Ал сырқатпен қарым-қатынаста болған адамдардың барлығы карантинде жатыр. Карантин 14 күн бойы жалғасуы мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, бірер күн бұрын Солтүстік Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиев СҚО-да 26 жастағы тұрғынның коронавирус жұқтырғаны туралы ақпаратты растап, оның пойызбен Омбы қаласынан келгенін мәлімдеген еді.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО