«Лудомания наркоманиядан да қауіпті дертке айналды»: депутат Мәжіліс қарауына енгізілетінін жаңа заң жобасы жайлы
Депутат қазір елімізде әрбір бесінші жас азамат құмар ойын ойнайтынын айтады
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Мәжілістің қарауына ойын бизнесінің жарнамасын шектейтін заң жобасы ұсынылатынын айтты, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысында елімізде лудомания белең алып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Президент лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс екенін айтқан болатын.
Мәжіліс депутаты осы бағытта қандай бастамалар жүзеге асырылып жатқанын айтып берді.
«Биыл сәуірде Премьер-министрдің орынбасарына бірнеше депутат болып осы лудомания мәселесіне қатысты сауал жолдадық. Біз Үкіметтен букмекерлік кеңселер жарнамасын шектеуді, несиеге батқан азаматтардың бәс тігуіне тыйым салуды, қоғамдық орындарға ойын автоматтарын қоюға тыйым салуды талап еттік. Қазіргі таңда депуттардан құралған жұмыс тобы дәл осы ойын бизнесінің жарнамасын шектейтін заң жобасын әзірлеп аяқтадық, енді оны Мәжілістің қарауына шығарамыз», - деді депутат.
Оның айтуынша, жаңа заң жобасында букмекерлік кеңселерді БАҚ беттерінде жарнамалауды шектеу, лотерея терминалдарын пайдалана отырып, лотерея билеттерін таратуға тыйым салу, несие қарызы бар азаматтардың бәс тігуіне түбегейлі тыйым салу, ойнайтындардың жас ерекшеліктерін ұлғайту секілді мәселелер қарастырылған.
«Үкімет бұл жұмыстарды бірге атқаруға дайын екенін жеткізді. Лудоманиямен күреске қоғам белсенділерін де тартуды ұсынып отыр. Біріншіден, заң жобасы қабылдануы керек. Заң аясында құмар ойын бизнесінің жарнамасына толықтай тыйым салсақ, жаңа лудомандар пайда болмайды, яғни біз кейінгі ұрпақтың дертке шалдығуын алдын алуымыз қажет. Екіншіден, лудоманияның қаупін біз БАҚ арқылы, әлеуметтік желілер арқылы айтудан жалықпауымыз керек. Күн сайын нақты мысалдармен жастарға оның қаупін көрсетіп отырсақ біраз азамат түсінеді, ойын ойнауын тоқтатады. Бір сөзбен айтқанда, лудомандардың бойын үрей билеуі керек. Үшіншіден, бұл дертті түбірімен жою үшін бізге әлі өте көп жұмыс істеу керек. Лудомания өкінішке қарай, қоғамда дендеп тамырлап кетті. Қазір елімізде әрбір бесінші жас азамат құмар ойын ойнайды. Бұл шамамен бір миллиондай жас адам деген сөз. Осы мәселенің күрмеуін қазірден бастап шеше бастасақ оң нәтижеге қол жеткіземіз, мен оған сенімдімін», - деді Жанарбек Әшімжан.
Мәжіліс депутатының айтуынша, лудомания наркоманиядан да қауіпті дертке айналып отыр.
«Қазіргі таңда лудомания наркоманиядан да қауіпті дертке айналып кетті. Тығырыққа әбден тірелген ойынқұмар жастар кез келген қауіпті қылмысқа барады, тіпті суицид жасап жатқандары да көп. Жуырда Қызылордада банк қызметкері өзі жұмыс істейтін банктен 6 миллион теңге ұрлап, букмекерлік кеңсеге ұтылғанын естіп жаға ұстадық. Оның алдында мемлекеттік және квазимемлекеттік қызметтегі жас мамандардың да осындай ұрлық-қарлыққа барғанын көп оқығанбыз. Ақша таба алмағандары суицид жасап жатыр. Ажырасу деректері көбейіп кетті. Бұл расымен де ұлттық проблемаға айналды. Сондықтан да онымен күресті мемлекеттік деңгейде жүргізбексек, ертең «қолымды мезгілінен кеш сермедімнің» нағыз өзі болады. Мемлекет басшысының да лудомания проблемасына арнайы тоқталғанын көрдіңіздер. Енді онымен бүкіл ел болып: Үкімет, Парламент, үкіметтік емес ұйымдар, қоғам белсенділері мен зиялылар, БАҚ өкілдері – баршамыз жұмыла күресуіміз керек», - деді ол.
Былтыр құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу бойынша қызметтер көлемі 553,6 млрд теңгені құраған.
«AMANAT» партиясының «Қоғамдық саясат институтының» жасаған әлеуметтік зерттеуде халықтың 73,7 пайызы лудоманияға қатты алаңдаулы екенін айтқан.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ