Алматыда таулы аймақта тұратын тұрғындар үйінді астында қаламыз ба деп алаңдаулы
Ал Медеу ауданының әкімі болса, сараптамадан кейін барлығы белгілі болады дейді
«Үйіміз құлап үйінді астында қаламыз ба деп қорқамыз». Алматыда таулы аймақта тұратын тұрғындар бірнеше жылдан бері топырықтың сырғып бара жатқанына алаңдаулы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Соның кесірінен баспананың коммуналдық желілері зақымдалып, тіпті шатырдан су ағып жатыр дейді. Айтуларынша қазір беріктікті ұстап тұратын іргетастардың өзі жерден бірнеше сантиметрге биікте тұр. Яғни жаңбыр жауса топырақ жұмсарып, төмен қарай жылжып бара жатыр дейді. Бұған дейін қатайту жұмыстары жүргізілуі тиіс болған. Бірақ, атқамінерлер әлі күнге дейін жайбасарлыққа салынып жүр дейді.
2019 жылдан бері сырғыған топырақтың зардабын тартып отырғандар, бір күні үйіміз құлайма деп қауіптенуде. Ал, таудың төменгі жағындағы үйлер де қазір үрейдің үстінде дейді. Себебі, беріктікті сақтайтын тастар төмен құлап, темірлер ара-арасынан ажырап жатқанын алға тартты. Ал Медеу ауданының әкімі болса, сараптамадан кейін барлығы белгілі болады дейді.
«Тау бойынша бірнеше рет шағымданған болатын бұл кісілер. Былтырдан бері. Былтырдан бері бір жеке меншік компания келіп экспертизасын өткізген. Сол экспертизаның қорытындысы бойынша еш қауіп жоқ. Бірақ бұлар бұл берілген жауапқа толық сенім білдірмегендіктен, қосымша тағы да ҚазНИСА арқылы ДВГ арқылы және антикордың бастауымен қазір қосымша тағы да экспертиза жүргізіп жатыр», - дейді Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин.