Бейінді министрлік, саяси реформалар және экономиканың өркендеуі: сарапшылардың Жолдауға пікірі
Сарапшылар саяси реформалар өз жалғасын тауып жатқанын айтады

1 қыркүйек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы жарияланды. Жолдаудағы түйіткілді бастамалар мен нақты тапсырмалар жайлы Мемлекеттік басқару академиясының сарапшылары айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Қолданбалы зерттеулер институты директорының міндетін атқраушы Жанат Момынқұлов Президент Тоқаевтың жаңа Су ресурстары және ирригация министрлігін құру туралы шешімі бұрыннан пісіп жетілген, уақыты келген саяси негізделген, аса маңызды мәселе екенін айтады.
«Осы уақытқа дейін елдегі су мәселелері Су ресурстары комитеті деңгейінде шешіліп, экологиямен байланыста қарастырылып келді. Ал көрші елдерде су мәселелері ұлттық агенттіктер (Ресей, Қырғызстан) және жеке министрліктер (Өзбекстанда – жеке «Су шаруашылығы министрлігі», ҚХР-да – «Су шаруашылығы министрлігі», Тәжікстанда – «Энергетика және су ресурстары министрлігі») деңгейінде шешіледі. Бейінді министрлік құру су саласының стратегиялық маңыздылығын көрсетіп қана қоймай, су ресурстарын тиімдірек басқару жөніндегі мемлекеттік мүдделерді жан-жақты қарап, кеңінен қорғауға мүмкіндік береді. Сарапшылардың болжамы бойынша алдағы жылдары еліміздегі су мәселелері, әсіресе Орталық Азия аймағындағы трансшекаралық өзен мәселелері, Арал теңізінің салдары өткір бола түседі. Бұған қоса, аймақтан тыс ірі көрші елдермен де ортақ өзен мәселелері бары рас. Осы ретте, алдағы кезеңде су дипломатиясын дамыту да қажет. Бұдан бөлек, қазір Каспий теңізінің және Балқаш көлінің де геостратегиялық салмағы арта түсуде», - деді Момынқұлов.
Ол Қазақстан жоғарырақ, таулы өңірде жатқан көрші елдермен бірлесіп, аймақта Кеңестік кезеңнен қалған су басқарудың тиімсіз тетіктерін қайта қарап, Орталық Азия аймағында су ресурстарын бірлесіп басқару жөніндегі ортақ келісімдерді қайта жасасуы қажет деп есептейді.
Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қаласы бойынша филиалының аға оқытушысы Жамиля Сариева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының халқына жасаған Жолдауында басымдық еліміздің экономикалық моделіне берілгенін айтты.
«Қазіргі таңда экспорттық-шикізат экономика моделі өзекті емес екенін көрсетіп отыр. Бұл Дүниежүзілік банктің соңғы онжылдықтағы ЖІӨ-нің теріс өсуімен қамтамасыз етілген сандарымен расталуда.
Сонымен қатар, экономикалық реформаларды тиімді жүзеге асыру үшін ең алдымен заңнамалық салада тұрақтылық қажет, себебі, егер заңдарға жыл сайын түзетулер енгізіле берсе, онда бизнес құрылымдары толықтай өсіп-өнуге мүмкіндік алмайды. Бизнес, әсіресе салық және бюджет кодексінде тұрақтылықты күтеді. Либерализация жүргізіп, көптеген процедуларды қарапайымдату қажет. Міндетті түрде экономикалық реформалауды жүргізуде Президент белгілеген «Әділ қоғам» қағидаларын жүзеге асыруды маңызды деп санаймыз, яғни табыстар ең алдымен қоғамның мүдделеріне жұмыс істеу керек», - дейді ол.
Сариева атағандай, қажетті қадамдардың бірі ретінде креативті экономиканы құру және қолдау, яғни технологияларды дамыту, тарту, содан кейін жаңа өндірістерді құру маңызды.
«Аталған модель Қазақстанға алға серпіліс жасауға мүмкіндік береді. Осыған қатысты алдымызда тұрған негізгі міндеттердің бірі – ол экономиканы әртараптандыру және креативті экономика артықшылықтарын қолдану арқылы мықты өнеркәсіптік негізді қалыптастыру мен экономикамыз өзімізді толықтай қамтамасыз ете алатын жағдай жасау болып табылады. Сондықтан Мемлекет басшысының Жолдауда басымдық қойған отандық кәсіпорындардың әлеуетін арттыру, экономикаға инновациялар арқылы жаңа дем беру қадамдарын толықтай қолдаймыз», - деді Жамиля Сариева.
Шымкент қаласы бойынша филиал доценті, саяси ғылымдар кандидаты Сауле Рысбаева да Президент еліміздің дамуының барлық өзекті мәселелерін қамтыды деп есептейді.
«Олардың басым бөлігі экономикаға арналған. Энергетика, көлік, аграрлық сектор, қаржы, цифрландыру, креативті индустрия – бұл көп жылдарға қоғамның дамуын айқындайтын салалар. Бұл Жолдау болашақ дамудың негізін қалайтын мәселелерді қамтиды. Әсіресе, еліміздің адами капиталын дамыту, барлық бағыттарды жүзеге асыру үшін қажет екенін атап көрсетті: «Біріншіден, қоғамдық сана мен азаматтардың ұмтылысын өзгерту қажет». Жолдауда Президент міндеттер қойып қана қоймай, белгілі бір мәселені шешудің құралдарына үнемі жүгініп, пікірлерін білдіріп отырады. Біз ұсынылған бағдарламаны құптаймыз. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған кезекті жаңа Жолдауымен танысу барысында аймақтағы атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігінің біртіндеп артатынына қуандым», - дейді Рысбаева.
Ол атағандай, саяси реформалар жүйелі түрде өз жалғасын табады.
«Ауыл халқын ел басқару және шешім қабылдау ісіне мүмкіндік беретін саяси шараның жалғасын табуы, әрине, ауыл халқының мүддесі үшін жасалған стратегиялық маңызы зор міндет. Азаматтардың жергілікті атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болуы бұл «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасының жалғасы. Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту жолындағы жүйелі жұмыс та өз жалғасын таба беретіндігіне тоқталған Президент, мемлекеттік жоспарлау жүйесін түбегейлі өзгерту қажеттілігіне де басымдық берді. Жоспарлардың айқын, ашық, қолайлы, нәтижелі болуы маңызды деді. Бүгінде біздің қоғам мүшелері жаңа, тың идеялар мен тәсілдерді, оларды іске асыратын жас кадрларды қажет етеді. Осы мақсатта өздеріңізге мәлім, саяси мемлекеттік қызметшілердің кадрлық резерві қалыптасқан», - деді ол.
Сәуле Рысбаева атағандай, ХХІ ғасыр ақпараттық-технологиялық қоғам дәуірі, кәсібилікті, кәсіби мәдениеттілікті талап ететін дәуір.
«Тың идеялар мен жасампаз жаңалықтардың дәуірі. Бұған лайық болу қазіргі жаһандану процесінде сапалы мамандар, кадрлар даярлау арқылы ғана болады. Бұл кез келген мемлекеттің негізгі ұстанымы», - дейді ол.
Ал Түркістан облысы бойынша филиалының аға оқытушысы, ғылым магистрі Нұрбай Досанов бүгінде су қорының проблемасы біршама мемлекеттерде ең өткір проблема болып отыр, оның ішінде Қазақстан да бар және өте күрделі.
«Мұны Президентіміз соңғы жолдауында «Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді» – деп суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтуды және бір ғана дақыл түрін егуді шектеу керек екенін, сонымен қоса 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін екендігін назарға ұсынды. Шындығында да су – шектеулі ресурс. Біз трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Сондықтан бүгіннен бастап трансшекаралық суларды үнемді және дұрыс пайдалану әрбір қазақстандықтың басты мақсатына айналуы тиіс», - деді ол.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ