Алаяқтар оралдық 55 жастағы әйелдің атынан 7 млн теңгеге несие рәсімдеген
Банк атынан хабарласып, несие рәсімдеу – бүгінгі күні өршіп тұрған алаяқтықтың формасы. Полиция тұрғындарға сақ болуды қанша ескерткенімен, алаяқтар алдаудың сан тәсілін табады. Бұл ретте, елдегі екінші деңгейлі банктерде қауіпсіздік мәселесі осал ма дерсің. Себебі, төлем қабілеті мен жеке деректер нақ тексерілмей жатып, ірі сомада несие беріле береді.
Azattyq Ruhy редакциясына оралдық Г.есімді тұрғын хабарласты. Айтуынша, 55 жастағы анасы екі апта бұрын 7 млн теңгеге алданған. Яғни, елге белгілі еінші деңгейлі банктен анасының атына 7 млн теңге рәсімделген. Алаяқтар оны оп-оңай қалталарына басқан.
АНАМДЫ «БАНК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ» АЛДАҒАН БОЛУЫ МҮМКІН
«Оқиға 17 тамызда Хромтау қаласында анам жол жүріп бара жатқанда болған. Алаяқтар +747 547 7589 және +747 536 7374 нөмірлері бойынша хабарласқан. Өздерін елімізге белгілі екінші деңгейлі банктің қауіпсіздік қызметінің өкілдеріміз деп таныстырған. Анамның атына ірі көлемде кредит рәсімделіп жатқанын, оның банктегі аккаунтын бұзуға талпынып жатқан алаяқтар бар екенін айтып, анамды қатты қорқытқан. Әр түрлі адамдардың есімін айтып өздерін таныстырған, банктің басқа да департаменттеріне қосып, күткізіп, әбден сендірген. Мұны «арнайы операция» деп атаған. Қосымшалардың атын айтып (AnyDesk және RustDesk), телефонына жүктеткен. СМС арқылы келген кодты сұратып, ең соңында банк қосымшасы арқылы 7 млн теңге анамның атына кредит рәсімдеген. Оған қоса тағы 700 мың шотта болған анамның ақшасын, бәрін бірге банкоматтан шешіп алған», - дейді жәбірленушінің қызы.
АНАМ ҚАЗІР АУЫР ХАЛДЕ
7 млн теңге - жәбірленушінің отбасы үшін қомақты сома. Себебі, оралдық азаматшаның кәмелетке толмаған баласы бар және ай сайын төлейтін ипотекасы бар. Ал табыс көзі – бір ғана айлық.
«Отбасы Банкте анамның атында ипотека бар. Ай сайын 182 912 теңге төлейді. Анам Орал қаласында Жоғарғы оқу орнында мұғалім болып жұмыс істейді. Салықты дер кезінде төлейтін, заң аясынан шықпай өмір сүретін, Қазақстанның адал азаматы. Кәмелетке толмаған бір баласы бар. Алайда, алаяқтар несие рәсімдегенде, банк неліктен анамның табысы мен төлем қабілетін ескермегенін білмеймін. Оған ешкім жауап бере алмады.
Қазір анам қатты уайымдап жүр. Қан қысымы қайта-қайта көтеріліп кетеді. Дәрілер қабылдап жүр. Бұл жағдай анам үшін стресс болды. Сыртқа шығып, адамдармен араласуға қорқып қалған», - дейді Г.
Полиция жәбірленуші арызын 19 тамыз күні Хромтауда қабылдаған. 24 тамызда Оралға істі жөнелткен.
«БАНКТЕРГЕ СЕНІМ ЖОҚ»
«Анам хабарлама түскен телефон нөмірлерін полицияға берді. Тергеуші хабарласып, біздің іс бойынша көмектесіп жатыр. Алайда, банк мүлдем көмектеспей отыр. «Сіздер өз еріктеріңізбен верификация жасадыңыз» деп жауап берді. Алаяқтар Шымкент қаласында, сағат түскі екіден кеткенде, АТМ 29092 және 29191 екі банкоматтан ақшаны шешіп алған. Әрбір банкоматта камера бақылау бар. Біз оны сұратқанда, бізге Шымкенттегі банктің филиалы деректерді «берілмейді», - деді алаяққа алданған әйелдің қызы.
Біз осы несиенің алаяқтар алғанын дәлелдеп, Банктен оның растығын жоюды сұраймыз. Себебі, анамның кәмелетке толмаған баласы және ипотекасы бар. Біз ол ақшаны төлей алмаймыз және ол ақшаны біз алған жоқпыз!», - дейді Г.
ІІМ ЖАУАБЫ
Azattyq Ruhy редакциясы қиын жағдайға тап болған жәбірленушінің ісі бойынша, Ішкі істер министрлігіне хабарласты. ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының аға жедел уәкілі Қаныш Ашжанов бұл істің қолға алынғанын, істің әділ шешілетінін айтып, уәде етті.
«Талон нөмірі, ҚІ №, А.Ж.Т. туралы ақпаратты алған соң, одан әрі нұсқау жіберіледі», - деді Қаныш мырза.
Осы ретте, оқырмандар үшін қауіпсіздік шараларын тағы да еске саламыз.
«Интернет-алаяқтарға алданып қалмас үшін не істеу керек? Онлайн-интернет сатып алу кезінде (пәтер жалдау-оны сатып алу, авто сатып алу-авто бөлшектер, киім кешек және т.б) - алдымен нақты тауардың бар екендігіне көз жеткізу (басқа қалада облыста болса, туыстарын-таныстарынан барып көру туралы көмек сұрау), алдын ала төлем жасауға болмайды!!! Инвестиция- нақты инвестиция мен айналысқыңыз келсе тексерілген брокерлермен ғана бұл туралы GOV.KZ сайтында қарауға болады және инвестициямен айналысу алдында бұл туралы оқып зерттеу керек. Банк немесе полиция қызметкерлері ретінде таныстыратын кезде- арнайы сіздің ақшалай шоттарыңыз туралы телефон арқылы операциялар ешқашан жүргізбейді (бұл кездерде нақты банк филиалына немесе жергілікті полиция бөліміне жолығуыңызға болады.) Күмән тудыратын, сіз білмейтін сілтемелерге-(ссылка) кірмеу. Ешқашанда бөтен адамдарға (Банк немесе полиция қыметкерлеріне) пин-код, пароль сөздерін-сандарын айтуға БОЛМАЙДЫ!», - деді ІІМ өкілі.
АЛАЯҚТАРДЫҢ КӨБІ РФ АЗАМАТЫ – ЖАЛҒАН
Соңғы жеті айда телефон алаяқтығы қылмысы бойынша 11 613 іс тіркелген.
«Телефон-алаяқтары азматтарымыздың сеніміне кіру үшін ҚР нөмірлерінен қоңырау жасайды, кейбір кезде бұл нөмірлер ауыстырмалы ретінде анықталады. Алайда, көпшілік айтқандай, алаяқтардың көбі РФ азаматтары деген пікір шындыққа жанаспайды», - деді Қаныш Ашжанов.
Бұл қылмысты жасаған азаматтарға ҚР Қылмыстық Кодексi 190-бабы «Алаяқтық» бойынша, екі не он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу көзделген.
«ІІМ ҚР аумағындағы барлық банктермен ынтымақтастық жүргізуде, күмән тудыратын аудармаларды бұғаттауда. Бірақ оған қарамастан біздің азаматтарымыз алданғаны туралы біліп тұрса да, соңына дейін үміттеніп ақша аударым жасайды», - дейді Қаныш мырза.
Телефон алаяқтарға алданатындар саны азаймай тұрғандықтан, халық атынан біздің редакция банктер мен ІІМ бірлесе атқаратын жұмыстардың күшейтілгенін өтініш формасында жеткіздік. Себебі, алаяққа алдану, әсіресе, егде жастағы жандар үшін денсаулығына қауіпті стресс!
Оның ішінде бас жүлдеге ие болған отбасының құжаттары ІІІ кезең, яғни республикалық кезеңге жолданады. Облыстық кезеңде . Ай сайын 2 млрд 484 млн теңгеге мемлекеттік жәрдемақы төленуде.
Авторы: Сымбат Ғалымжан