Астана автобустарында жол ақысын төлеудің жаңа тәсілі енгізілмек
Жаңа жүйеге толық көшу жыл соңына дейін аяқталмақ

Астанада автобус жолаушылары жол ақысын банк картасымен және Bluetooth арқылы төлей алады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл туралы «City Transportation Systems» ЖШС мәлім етті.
«Бүгін, яғни 31 тамызда Астана жолдарындағы №3, 32, 15, 54 және 61 бағыттарына қосымша шыққан 20 жаңа автобустың орналасқан жері туралы ақпаратты Аvtobуs мобильді қосымшасынан көруге болады», - делінген хабарламада.
Мобильды қосымшаны App Store, Google Play, AppGallery жүктеп алуға болады.
«Қосымшаға телефон нөмеріңізді енгізіп тіркелгеннен кейін, қалаңызды таңдап автобус белгісін басып, қажет бағдарыңызды таңдайсыз», - делінген хабарламада.
Айта кету керек, жүйе толық іске қосылғаннан кейін, аталған мобильды қосымша арқылы басқа да бағдарларды бақылау мүмкін болады.
Жаңа жүйеге толық көшу жыл соңына дейін аяқталмақ.
«Жүйе толық іске қосылғанға дейін жолақы қазіргі әдіспен: QR коды және «Transcard» көлік картасы арқылы төленеді. Кейінірек екінші деңгейлі банктердің банк картасымен, NFC технологиясы және Bluetooth арқылы төлеуге болады», - деді көлік компаниясы.