Балабақшадағы кезек мәселесі шешіле ме – министр жауап берді
Елімізде 1 млн бала балабақшаға барады
Балабақшалардағы кезек мәселесін шешу үшін қандай өзгерістер жасалғаны туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Балабақшалардағы кезек мәселесін шешу үшін жыл басынан бері 32,8 мың орындық 332 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Жыл соңына дейін тағы 48 мың орын енгізілетін болады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша баланы кезекке қою және мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау үшін жолдама алу бойынша мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Есепке алудың бірыңғай базасы құрылады», - деді министр.
Қазір 11 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істеп тұр. Онда 1 млн-ға жуық бала балабақшамен қамтылған. 100 мыңға жуық педагог балабақшаларда тәрбие және оқыту мәселелерімен айналысады.
«Былтыр енгізілген мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа моделі оң нәтиже бере бастады. Жеткіншектердің қауіпсіздігі үшін барлық мемлекеттік балабақша бейнебақылаумен жабдықталған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кәсіби мамандарды тарту мақсатында биыл қыркүйектен бастап тәрбиешілердің жалақысы 30 пайызға артады және бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады», - деді министр.
Сонымен қатар ол балабақшаның әр тәрбиешісі өз қарауындағы баланың мектепке дайын болып баруына жауапты екенін атап өтті.
Еске салайық, бүгін республикалық тамыз кеңесінің пленарлық отырысы өтіп жатыр. Жаңа оқу жылы 25 мамырда аяқталады. Сонымен қатар биылдан бастап мектеп директорлары «Болашақ» бағдарламасымен шетелде тәжірибе алмасады.
1 қыркүйектен бастап балабақшаға баратын аз қамтылған отбасылардан шыққан 97 мыңнан астам бала тегін тамақпен қамтылады.
Айта кетерлігі, елімізде 2-6 жас аралығындағы балалардың 89,1 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылған.
Авторы: Сымбат Ғалымжан