Қазір жасөспірімге төртінші рет ота жасалғалы жатыр екен
Түркістан қаласының 12 жастағы тұрғыны Лейла Хамитованың анасы дәрігерлерді жауапқа тартуды талап етеді. Айтуынша, ауруханаға соқыр ішек болып түскен қызына ақ халаттылар дұрыс ота жасамаған. Соның кесірінен қызым қуықсыз қала жаздады деп зар жылап отыр. Бірақ, соған қарамастан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі жауаптыларға тек сөгіс берумен шектелді дейді. Оның үстіне, екі айдан бері жетінші сыныпқа көшкен қызын ауруханаға тасумен жүрген ана, жасөспірім ауруына ауру қосқанын айтады. Қазір Лейлаға төртінші рет ота жасалғалы жатыр екен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Түркістандық Динора Абдусаметовадан маусым айынан бері маза кеткен. 12 жастағы қызы Лейла Хамитова жаз басында соқыр ішекпен Түркістан қаласының балалар ауруханасына түсіпті. Бірақ аурудан айығып шығудың орнына, керісінше қызуы қайта-қайта көтеріліп, бір отадан соң тағы бір ота жасатқан. Алайда, онысы да сәтті шықпай шетелге апарып үшінші рет операцияға түсті дейді анасы.
«Крепция қысқан кезде жақсы қысылмай қалуы мүмкін дейді. Қысылмай қалып шетінен ірің аға ма, калл аға ма сөйтіп ағып, іріңдеп кетуі мүмкін ішектері дейді. Бірінші операциядан қате кеткеннен осындай болып отыр. Өзбекстанда дәрігерлер қызыңыздың қуықтарын ірің басып кеткен деді. Егер тағы бір-екі күн жүре бергенде қуығы да жарамай қалатын еді», - дейді Динора Абдусаметова.
Содан бері қаршадай қыз үлкен дәретке бара алмайды. Үшінші отадан соң ішегінен айырылған оқушы арнайы құралмен жүруге мәжбүр. Дәрігерлердің салғырттығынан баламның денсаулығы нашарлады деген анасы шағымын айтып сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігіне де арызданыпты. Алайда ондағылар сөгіс жариялаудан әрі аспаған. Ал Лейлаға ота жасаған дәрігер қазір сол баяғы қызметінде. Ол бәріне баласына бей-жай қараған ананың өзі кінәлі дейді.
«Енді бұл жерде берілген сөгіс...Күндізгі стационарда көбірек ұстап қалдық. Дер кезінде ертерек тексеріс жүргізілмеді. Енді организм. Әрі қарай күтім болуы керек еді. Меніңше ешқандай күтім болмаған. Өз бетінше апарған. Егер шын мәнінде қыздың іші ауыратындай асқынулар болатын болса, біз өз деңгейімізде облыстық деңгейге жіберетін едік», - дейді Түркістан қалалық балалар ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі Бағдат Байкеев.
Түркістандық дәрігерлерден көңілі қалған келіншек қызын енді шетелдік мамандарға көрсетпек. Сөзінше, дәрігердің салғырттығынан кейін қызын емдеуге тағы 1 миллион теңгеге жуық ақша кеткен. Енді қызының беті бері қараған соң Түркістандағы балалар ауруханасының меңгерушісін сотқа беруге бел буып отыр. Ал, Лейла биыл бірінші қыркүйекте сабаққа емес ота жасатуға барады.