Алматының медицина ұйымдарына қосымша 7 млрд теңге бөлінді

Мегаполисте ауруханаға жүгінетін адамдардың саны өскен

Алматының медицина ұйымдарына қосымша 7 млрд теңге бөлінді
© Sputnik

Медициналық сақтандыру қоры Алматы қаласының денсаулық сақтау саласына қосымша 7 млрд теңге бөлді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

МСҚ Алматы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, ауруханаға жүгінетін адамдардың саны өскен. Жалпы биыл қалдағы медициналық ұйымдарға бөлінетін қаражат көлмей ұлғайып, 300 миллиард теңдеген асып отыр.

«Жалпы, оңтүстік астанада медициналық қызметке жүгіну көрсеткіші өте жоғары. Сондықтан Қор өткен аптада қаладағы медицина мекемелерін қаржыландыруға 7 млрд теңгеге жуық қаржы бөлді. Бөлінген қаражаттың 2,8 млрд теңгесі консультативтік-диагностикалық қызметтерге, 4,1 млрд теңгесі – стационарлық көмекке, 164,5 млн теңгесі жоғары технологиялық қызметтерге жұмсалмақ», - деді Тілеухан Әбілдаев.

Филиал басшысының дерегінше, биыл Алматы қаласы денсаулық сақтау саласы бюджеті 302,4 млрд  теңгені құрап отыр. Оның 156,7 млрд теңгесі – кепілдендірілген тегін медициналық көмекке, 145,7 млрд теңгесі МӘМС пакетіне тиесілі. Салыстырар болсақ, бұл өткен жылдың бюджетінен 17% артық.

Сонымен қатар Тілеухан Әбілдаев медицина ұйымдарына бөлінетін қаржы қысқартылды деген қауесеттің шындыққа жанаспайтынын атап өтті.

«Соңғы кезде жұртшылық арасында Қор медицина ұйымдарына бөлінетін қаражатты қысқартты, сол себепті халыққа көрсетілетін көмек көлемі де қысқарды деген пікір тарағаны жасырын емес. Бөлінген қаржы көлемі жыл сайын артпаса, кеміп жатқан жоқ. Жалпы, Қор кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен МӘМС шеңберінде халыққа көрсетілген қызмет ақысын төлейтін қаржы операторы. Яғни, келісімшарт белгілі бір сомаға бекітіледі, клиника сол сомаға жыл бойы қызмет көрсетеді. Артық тұтынуды болдырмас үшін медицина ұйымдары көрсетілетін қызмет көлемін әр айға бөліп отыруы тиіс», - деді филиал директоры.

Қор көрсетілген қызметтердің сапасын тексереді және қызмет ақысы тиісті мониторингтен кейін ғана төленеді. Әдетте, мониторинг барысында стандарттар мен нормативтерден ауытқу сынды ақаулар жиі анықталады. Мұндай жағдйда емдеу мекемелеріне айыппұл салынады, көрсетілген қызмет сомасы толығымен немесе оның белгілі бір бөлігі Қорға қайтарылады. Ал көрсетілмеген қызметті көрсетілді деп қосып жазған клиникаларға үш есе дейін айыппұл салынады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.