Қазақстанға қоныс аударуға ниеттілер саны 87 пайызға өсті

Azattyq Rýhy

Керісінше, шетелге көшкісі келетіндер саны азайып келеді

Қазақстанға қоныс аударуға ниеттілер саны 87 пайызға өсті
Коллаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

2023 жылғы қаңтар-маусым айларында, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда, Қазақстанда тұруға ниет еткендер саны 87,3 пайызға өсті. Нақты сандармен айтқанда, елде тұруды растайтын құжат – ықтиярхат алғандар саны 13 652 адамды құрап отыр. Бұл туралы Azattyq Ruhy Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап хабарлайды.

Ал елден көшіп кеткендер саны бірінші жартыжылдықта 6 996 адам болған. Бұл өткен жылдың алты айымен салыстырғанда 56,7% аз. Соның нәтижесінде көші-қон сальдосы оң нәтиже көрсетті – 6 656 адам.

Бір қызығы, былтыр жыраққа қоныстанушылар саны Қазақстанды таңдағандардан әлдеқайда көп болған: 2022 жылы елде тұруға ықтиярхат алған адамдар саны 17,4 мыңды құраса, шетелге 24,1 мың адам көшіп кеткен.

«2018 жылмен салыстырсақ, көрсеткіштер айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Сол кезде шетелден 12,7 мың адам келсе, шетелдерге 41,8 мың адам кеткен. Елдің негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттері арасында болған. Осы ретте көші-қон сальдосы 29,1 мың адамнан 6,7 мыңға дейін азайғанын айта кеткен жөн», - дейді stat.gov.kz өкілдері.

Ұлттар бойынша көрсеткішке келсек, биыл қаңтар-маусым аралығында елімізге қазақтар (4 706) ең көп қоныс аударған, одан кейін орыстар (4 622), өзбектер (593), қарақалпақтар (498) және украиндар (452) бар.

Ал сыртқа көшіп кеткен ұлттардың ішінде ең көбі орыстар (4 249), немістер (924), қазақтар (516), украиндар (456) және татарлар (168) болған.

Еске салайық, 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан халқының саны 19 899 377 адамға жетті.

Сондай-ақ, 2022 жылы Қазақстанда тұруға ықтиярхат алған адамдардың саны 17,4 мың адамды құраса, шетелге шекара асып, көшіп кеткендер саны 24,1 мың адамға жеткен.

Авторы: Сымбат Ғалымжан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.