Шымкент тұрғындарының қоқысқа қарызы 314 млн теңгеге жетті

Azattyq Rýhy

Қала тазалығына ең көп берешегі бар аудан – Қаратау

Шымкент тұрғындарының қоқысқа қарызы 314 млн теңгеге жетті
Фото ашық дереккөзден

Шымкент қаласы тұрғындарының қоқысқа қарызы 314 млн теңгеге жетті. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қала тазалығына ең көп берешегі бар аудандардың көшін Қаратаулықтар бастап отыр. Мұнда жалпы тұрғындар 101 млн теңге төлеуі қажет. Ал, Еңбекші ауданы тұрғындарының 90,5 миллион теңге берешектері бар болса, Абай ауданы тұрғындарының қарызы 49,5 миллион теңгеге жеткен. Әл-Фараби ауданы тұрғындары 34 миллион, Тұран ауданы тұрғындарының қоқыс тазалау қызметіне қарызы 39,4 миллион теңге болған.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қоғамдық орындарды тазалау, күтіп ұстау, көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады, ал, тұрғындар тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметіне төлеуге міндеттелген. Алайда, бүгінде көптеген тұрғындар тіпті тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдаушы компаниялармен келісімшарт жасамаған. Соған қарамастан бұл азаматтар да тұрмыстық қалдықтарын арнайы орындар мен қоқыс контейнерлеріне күнделікті тастап келеді. Қызмет ақысын уақтылы төлемеуі мен мердігер компаниялармен келісімшарт жасамай, төлемақыдан жалтаруы қаланың тазалығын сақтауға кері әсерін тигізетіні сөзсіз» - делінген Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.