$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.08.2023, 17:02
Қоғам

«Кейбірінде тұру мүмкін емес»: еліміздегі жатақханалар студенттерді қабылдауға дайын ба

Елдегі 237 жатақханаға мониторинг жүргізілді

«Кейбірінде тұру мүмкін емес»: еліміздегі жатақханалар студенттерді қабылдауға дайын ба

Еліміздегі жатақханалардың оқу жылына дайындығына «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» мониторинг жүргізді, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

 «AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев атағандай, жастар ұйымы жыл сайын мониторинг жұмыстарын жүргізіп келеді.

«Еліміздегі жатақханалардың жетіспеушілігі, олардың санитарлық нормаларға сай болуы және авариялық нормаларға сәйкестігін жыл сайын бақылап отырамыз. «AMANAТ» партиясы соңғы 3 жылда еліміздегі жатақхана жағдайын реттеуді бақылап отыр. Биыл 14 тамыздан бастап жергілікті жердегі мүдделі органдармен бірлесіп, мониторинг жұмыстарын бастап кеттік. 237 жатақхананы қарап үлгердік, сондай-ақ 426-сы осы аптаның соңына дейін қаралады. Жағдай көңіл көншітпей отыр. Әртүрлі өңірде түрлі мәселе туындап отыр. Су, жылу және электр энергиясымен жабдықтау мәселелері, санитарлық талаптарға сай келмеу деректері бар. Сондай-ақ кейбір жатақханада мүлдем тұруға болмайтынына көз жетті», - деді Нұржан Жетпісбаев.

Оның айтуынша, жатақханаларда қандай да бір олқылықтар мен талаптарға сай келмеушілік анықталса, ЖОО-ға оны 15 күн ішінде жоюға уақыт беріледі.

«15 күнде ол кемшіліктер түзетілмейтін болса, біз оқу орнына барып қайта мониторинг жүргіземіз. Бұл жердегі тиімді дүниенің бірі-«AMANAT» партиясы Мәжіліс пен мәслихаттың депутаттарымен қоян-қолтық жұмыс істеуі. Олар кейбір шешілмей жатқан мәселені депутаттық сауал арқылы Үкіметке жеткізіп, мәселенің шешілуіне жәрдемдеседі», - деді ол.

Нұржат Жетпісбаев мониторинг 11 аймақта жүргізілгенін атап өтті.

«Біз қараған жатақханалардың 70-інің жағдайы жақсы, 39-ына орташа деген баға берілсе, екеуінде олқылықтарды орнына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Колледждер бойынша 126 жатақхананың 75-і жақсы, 36-сы орташа, 13-інде жағдай нашар, екеуінде мүлдем тұруға болмайды. Жатақханаларда өткізген мониторинг барысында 11 жатақханада санитарлық қауіпсіздік нормалардың сақталмауы, су крандарының жұмыс істемеуі, оқу залдарының мақсатты түрде пайдаланбауы және студенттердің бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасалмауы сынды олқылықтар анықталды», - деді ол.

Нұржан Жетпісбаевтың айтуынша, 1930 жылдары салынған жатақханалар да бар.

«Аймақтық жоғары оқу орындарында осындай жағдайлардың кездесуі көңіл көншітпейді. Ұлытау облысындағы Жезқазған университеті, Қызылорда музыкалық коледжі, Ақмешіт гуманитарлық техникалық институты, Теміртау кәсіптік-техникалық колледжі, Жаяу мұса атындағы көпсатылы колледжі, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті, СҚО-дағы Петропавл жоғары экономикалық колледжі, гуманитарлық техникалық колледжде осындай жағдайлар тіркеліп отыр. Абай облысындағы Семей қаржы экономикалық колледжі, Алматы облысындағы Қаскелең кәсіптік-техникалық колледжі және Қаскелең мәдениет колледжінде жағдай орташадан төмен болып отыр», - деді ол.

Нұржан Жетпісбаев атағандай, Астанадағы барлық ЖОО мен колледж жатақханаларына осы аптада мониторинг жасалады.

«Біз жатақханалардағы көңіл толтырмайтын жағдайды ғана емес, жалпы жастарды мазалайтын басқа да мәселелерге назар аударамыз. Мысалы, жатақханалардағы орынның заңсыз бөлінуі және берілуі. Туыстарға немесе таныстарға жатақханадан орын берілуі мүмкін. Осыған біз тосқауыл қоюға дайынбыз. «Жастар Рухы» жастар қанаты арнайы тікелей желіні іске қосады: +7 776 558 44 39», - деді ол.

Өз кезегінде Республика бойынша студенттердің құқығын қорғайтын студенттік омбудсмен Айсұлу Ерниязова жедел штабқа 600 студент жатақханадан орын қажет деп келгенін жеткізді.

«Бүгінде жатақханаларда 19 мың орын тапшы. Оның ішінде 13 мыңы Алматы қаласы бойынша, Астанада 2200 орын, СҚО-да 2318 орын, Абай  облысында 1100 орын, Түркістан облысында 987 орын тапшы болып отыр», - деді ол. 

Ерниязова айтқандай, жатақханаларға орналасу мен олардың жағдайына әр өңірдегі омбудсмендер бақылау жүргізіп жатыр.

«Мысалы, Алматыдағы 50 хостелді араладық. Омбудсмендер бұл хостелдерді бақылауға алады. Себебі оларда санитарлық жағдай мен өрт сөндіру қауіпсіздігі талаптары жоғары болуы керек. Сондай-ақ ЖОО белгілі бір хостелмен келісім орнатса, онда студенттерден өзге адамдардың тұрмауы қамтамасыз етілуі керек. Себебі бұл ең алдымен студенттердің қауіпсіздік жағдайы», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары