Пәтерақыны жыл сайын қымбаттату дәстүрге айналған
Экономист Қуанышбек Дүйсенов нарықта пәтерді жалдау құнының қымбаттауына не әсер ететінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қазақстандағы пәтер ақысы жыл сайын күзгі уақытта өсетіні ел ішінде қалыпты жағдайға айналып кеткен. Алайда былтырғы қыркүйектегі көрші елдегі ахуалдан кейін еліміздегі пәтер ақысының күрт өсіп кетуі бұл мәселеге деген алаңдаушылықты арттырды десек болады. Себебі, былтырғы маусымнан бері жалпы үйді жалдап тұру бағасы 26,8%-ға артқан. Ал осы жылы 27 маусым мен 26 шілде арасында Қазақстандағы пәтер ақысы 4,2%-ға артты. Енді оқу жылының басталуына санаулы күндер қалғанда, жатақханадан тыс тұратын студенттердің ірі қалаларға ағылуы басталады. Бұл тағы да бағаның артуына әсер етуі мүмкін. Себебі, былтыр қыркүйектегі ресейліктерінің ағылуына дейін тамыздың ортасында пәтер жалдау ақысы 15%-ға артқан еді», - дейді сарапшы.
Оның айтуынша, студенттер саны артқан.
«Былтыр Үкімет 77 мыңнан астам білім алу грантын бөлген, осы жылы 88 мыңнан астам грант бөлді. Оның ішінде магистранттарға 13 мыңы бөлінген. Олардың көбі оқу орындарының көп шоғырлауына орай, ең бірінші Алматы, Астана, Шымкент секілді ірі қалаларға барып оқитынын ескерсек, онда пәтер ақысын тағы да қымбаттайды деп айтуға болады. Осы маусым-шілде аралығында Алматыдағы 1 бөлмелі пәтер ақысы 200 000 теңге болды. Былтырғы 15% өсім осы жылы тағы да қайталанады десек, онда пәтер жалдау құны 230 000 теңгені құрайды. Ал бөлме саны көп пәтерлер үшін де осындай 15% өсімді қарастырсақ, пәтерді жалдау құнының қымбаттайтыны айдан анық», - деді ол.
Дүйсенов атағандай, пәтерді жалдау тек студенттер ғана емес, сонымен қалаларға жұмыс істеуге немесе көшіп келіп жатқан азаматтарға шақсақ, бұл нарықта қандай болмасын, пәтерге деген сұраныс жоғары екенін көре аламыз.
«Пәтер жалдау бағасының күрт өсуі жалғаса беретін болса, онсыз да табысының жартысына таяуын азық-түлікке жұмсайтын ел азаматтары бар тапқанын түгел пәтерге жұмсау қаупі туындайды. Ал ол өз кезегінде жақсы көрсеткіш емес екені түсінікті деп ойлаймын. Сол себепті, жоғары оқу орындары тәлімгерлерінің жатақханамен толық қамтамасыз етілуін, ал жауапты органдар пәтер ақысының бағасын жасанды түрде күрт өсіруін тоқтатуын қадағалау қажет деп ойлаймын», - деді ол.