Жамбыл облысындағы су дауы: Кімге жетті, соның жолы болды. Бұл мәселенің басы ғана
Қырғызстаннан Жамбыл облысына жеткізілетін су көлемі 5 есе қысқарды
Орталық Азиядағы ірі трансшекаралық су артериялары Әмудария, Сырдария, Талас, Тарим, Шу, Қарқара өзендері Қырғызстан аумағынан бастау алып, көрші елдер, соның ішінде біздің елді де сумен қамтамасыз ететіні белгілі. Бұл 2000 жылғы 21 қаңтарда Қазақстан мен Қырғызстан үкіметі арасында Шу және Талас өзендері суын пайдалану туралы келісім негізінде реттеледі. Ал жұмыс режимін белгілеу және шығындарды есептеу Шу-Талас су шаруашылығы бірлескен комиссиясының мойнында.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне сәйкес, Талас өзені бассейні бойынша Киров су қоймасының көлемі – 32,48 млн текше метр (9 тамыздағы жағдай бойынша). Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 144,8 млн текше метрге аз.
«Өткен жылы ағын 297 миллион текше метрді құрады, биыл бар болғаны 60 миллион текше метр. Мұның бәрі ауа-райына байланысты. Мамыр-маусым айларында күндіз ыстық, түнде суық болды. Осы жылдың сәуір айында біз Шу және Талас өзендерінің «Қырғызгидромет» деректерін алдық. Сол деректерге сәйкес, Қазақстанның су шаруашылығы ұйымдарымен Талас өзені бойынша 2022 жылдағыдай 520 млн текше метр және Шу өзені бойынша 220 млн текше метр кестені пысықтадық. Сәуір-мамыр айларында біз суды 2022 жылғы кестеге сәйкес алдық. Өкінішке қарай, «Қырғызгидрометтің» болжамы орындалмады. Су ағыны өте төмен, 5 есе аз. Сондықтан келісімдерді қайта қарауға тура келді. Мысалы, Киров су қоймасынан суды біздің бағытқа бұру 336 миллион текше метрге дейін қысқарды», - деді Шу-Талас бассейндік инспекциясының басшысы Гүлмира Имашева.
СУДЫ ПАЙДАЛАНУ МӘДЕНИЕТІ ЖОҚ
Сарапшылардың пікірінше, Орталық Азия өңірінде су дағдарысының туындау себептеріне ең әуелі климаттың өзгеруі себеп. Инфрақұрылымның тозуы, су ресурстарын тиімсіз пайдалану сияқты факторлар да негізгі тізімде. 20 жылдан бері экология мәселелерін көтеріп жүрген табиғат жанашыры, Жамбыл облысының тумасы Ықтияр Мырзахметов өз пікірін білдірді.
«Облыста Талас, Аса және Шу өзендері бар. Олардың бәрі Қырғызстаннан бастау алады. Соңғы жылдары, өзен сулары тартылып жатыр. Фермерлер, агро саласының мамандары, шаруаларда қиындықтар туындады. Ең біріншіден, суды пайдалану мәдениеті жоқ. Халық арасында үгіт-насихат жұмыстары жасалмайды. Адам баласы құдықтың суы кепкенде ғана судың қадірін біледі. Оған дейін ойланбайды. Қаланың ішінде моншалар, автокөлік жуу орталықтары көп. Судың көлемі бойынша сараптама жасалып жатқан жоқ. Бұл мәселені дағдарыс деп айтуға болады. Оның салдары қандай? Экономикалық тұрғыда шығындар әкеледі, әсіресе, шаруалардың еңбегі күйді деңіз және адамның денсаулығына әсері. Яғни, кешенді түрде зияны тиеді. Киров су қоймасында су деңгейі өте төмен. Бұл мәселенің шешімін таппасақ, жылдан-жылға өрши бермек», - дейді Ықтияр Мырзахметов.
Ал, Шу-Талас бассейндік инспекциясының басшысы Гүлмира Имашева суарудың мәдениеті мен шеберлігі болашақта суды пайдаланудың басты шарты болуы керек деп санайды.
«Ауыл тұрғындары көбінесе егістіктерге суды жібере салады. Кімге жетті, соның жолы болды. Егістік маусымы басталарда фермерлерге «Қазсушармен» не себетінін тақылауды ескертеміз. Жалпы, егістіктердің лазерлік орналасуын жасау керек. Суды ұтымды пайдалану керек, гидротехниктер мен агрономдардың еңбегін пайдалану қажет», - дейді.
ПИЯЗ ЖӘНЕ ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫНА ҚАУІП ТӨНІП ТҰР
Киров су қоймасында су көлемінің жеткіліксіздігіне байланысты шамамен 4 мың гектар пияз бен қант қызылшасына қауіп төніп тұр.
«Бар үміт дренажды суларда. Қырғызстанның арналарында ол пайда болды. 18 тамыздан кейін 7-8, мүмкін секундына 9 текше метрге дейінгі өрістерден дренажды сулар келеді деп күтеміз. Бірақ алдағы уақытта біз су қоймаларын барынша толтырып, ылғал үнемдейтін технологияларға көшуіміз тиіс. Ылғал сүйгіш дақылдарды аз отырғызып, жер асты суларын шығару қажет. Елде мұндай мүмкіндік бар», - деді Гүлмира Имашева.
Шығындарды азайту үшін «Қазсушар» филиалы өңірдегі арналарды бетондайды. Сондай-ақ облыста үш су қоймасының құрылысы жүргізілуде.
ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ
Су ресурстарының ауқымды қорына ие бола отырып, Қырғызстан оны пайдалануда бірқатар проблемаға тап болып отыр. Ел тұрғындарының жазда бау-бақша, бақтарды суару үшін ауызсуды тиімсіз пайдалануы сумен жабдықтау жүйелеріне жүктеме түсірген.
«Өкінішке қарай, бүгінгі күні су қоймасындағы су ағыны секундына небәрі 1.0 текше метрді құрайды, ағынның ұлғаюы байқалмайды. 2022 жылы судың түсуі секундына 13,7 текше метрді құрады. Айта кету керек, Қазақстанның Талас арнасынан мемлекеттік шекара бойындағы коллекторлық-дренаждық желі арқылы секундына 5-тен 8 текше метрге дейінгі мөлшерде су алуға мүмкіндігі бар», - делінген Қырғызстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми хабарламасында.
Су ағынын реттеуді қамтамасыз ететін барлық құрылғы Қырғызстан аумағында өзендердің жоғарғы жағында орналасқан. Шу өзенінде бұл Орто-Токой су қоймасы, Чумыш су торабы және үлкен Шу каналдары. Сондай-ақ, Талас өзені бойынша Киров су қоймасы.
«Жаңбыр сирек жауып, құрғақ маусым жиілеп кетті. Бірақ мұның су мен энергетика саласына қалай әсер ететіні белгісіз. Әрине әлемде ондай зерттеулер өткізіледі. Бірақ өз аймағымызда климат өзгеруі жөнінде зерттеулер жеткіліксіз деп санаймын. Бүкіл елде пайдаланатын судың 70 проценті ауылшаруашылығында қолданылады. Азық-түлік өндіру және ауыл шаруашылығы саласында суды үнемдеу мақсатымен жаңа балама жүйелерді жасау қажет», - деді су ресурстарын басқару саласының сарапшысы Нұрзат Абдрасулова.
Мәселен, Орто-Токой қоймасындағы су деңгейінің жыл өткен сайын азайып кеткенін көруге болады. Белгілі фотограф Владислав Ушаков судың түбі көрінетін кадрларды алғаш рет жасағанын айтады. Қазір онда 22 миллион текше метр су бар. Өткен жылмен салыстырғанда 130 миллионға аз.
Фото авторы: Владислав Ушаков
Нарын өзенінде де жағдай күрделі. Қазіргі кезде ең ірі Токтогұл қоймасында 11 миллиард 126 миллион текше метр суы бар. Бұл өткен жылдың тамыз айымен салыстырғанда 3 миллиардқа аз. Осылайша төмен көрсеткіштер Қазақстанмен Қырғызстан арасында жасалған келісімге кеселін тигізіп отыр.
МӘСЕЛЕНІ ШЕШУ ЖОЛДАРЫ
Шу-Талас бассейндік инспекциясының басшысы Гүлмира Имашева «көп үміт ҚР Жаңа Су кодексімен байланысты» дейді. Құжат 2003 жылы жазылған. Одан бері көп нәрсе өзгерді.
«Қоршаған ортаға, суға байланысты инновация, технология алып келетін мамандар өте аз. Аймақтық университеттерде осы салаға байланысты гранттар өте аз. Климаттық өзгерістердің салдары туралы мамандар үнемі ескертеді. Біз дер кезінде құлақ аспаймыз. Ал, биылғы, қазіргі проблемалар – үлкен мәселенің басы ғана. Білім, ғылым, бизнес, қоғам және Үкімет бәрі бірге шешуі тиіс мәселе бұл», - деп сөзін қорытындылады табиғат жанашыры Ықтияр Мырзахметов.
Авторы: Сымбат Ғалымжан