Астанада борышкерлердің көлік құралдары ұстала бастады
Тексеру тұрақты түрде өткізіледі
Астанада автокөлік құралдары үшін салық берешегін өндіріп алу бойынша «Борышкер» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бүгінгі таңда жеке тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салық бойынша берешегінің жалпы сомасы 2,1 млрд. теңгені құрайды.
Рейдтік іс-шараларды өткізу барысында 97 млн.теңге өндірілді.
Іс-шараларды өткізу барысында Lexus, Toyota Land Cruiser, Mercedes Benz, Tundra маркалы және қозғалтқыш көлемі 4 000 текше см-ден асатын 20-дан астам көлік айыппұл тұрағына қамалды.
Алдағы уақытта іс-шара жыл соңына дейін тұрақты түрде жалғасатын болады.
Бұл ретте kgd.gov.kz сайтының және "e-Salyq Azamat" мобильді қосымшалары мен екінші деңгейдегі банктер көмегімен қарызды тексеруге болады.
Астана қаласы бойынша МКД салықтар бойынша берешегі 1 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асатын автокөлік иелерін жеке сот орындаушыларының қызметтеріне ақы төлеу бойынша қолайсыздықтарды болдырмау үшін салық берешегін толық өтеуге шақырады.