Жаңа оқу жылына білім жүйелері дайын ба – министр жауап берді
Биыл 364 мың бала 1-сыныпқа барады
Үкімет отырысынлда Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқу жылына дайындық туралы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«1 қыркүйектен бастап 7 мың 700 білім беру ұйымында 3 млн 900 мың бала білім алады, олардың 364 мыңы - бірінші сынып оқушылары. Жыл сайын әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға көмек көрсетіледі. Бұл мәселе Үкімет деңгейінде бірнеше рет талқыланды. Биыл 460 мың бала үшін 65,3 млрд теңге қарастырылған. Маңғыстау (24,9%) облыс әкімдігі бұл жұмысты 18 тамызға дейін аяқтауы қажет. Президенттің 1-4 сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз етуге қатысты тапсырмасын орындау мәселесі Үкімет деңгейінде бірнеше рет қаралды», - деді министр.
Бейсембаев атағандай, бүгінгі күні осы тапсырманы орындау үшін барлық өңірлердің әкімдіктері тарапынан қажетті қаржы бөлінді.
«1 қыркүйектен бастап 1 млн 400 мың бастауыш сынып оқушысы тегін тамақтанады. Сіздің тапсырмаңызға сәйкес асханасы жоқ мектептерде (669 мектеп) ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп тамақтандыруды 3 тәсілімен ұйымдастырылатын болады: кейтеринг қызметін ұйымдастыру, модулді асханаларды құру, буфеттік тамақтану», - деді ол.
Оның айтуынша, мектеп автопаркінде 27 мың баланы тасымалдауға арналған 1 319 автобус бар. Олардың 515-і жоспарлы түрде жаңартылып жатыр.
«Қазіргі уақытта өңірлерге 433 автобус жеткізілді. Жыл соңына дейін тағы 75 автобус жеткізіледі (Атырау – 23, СҚО – 19, Жамбыл-14, Шығыс Қазақстан – 7, Жетісу - 7, Абай - 3, Алматы - 2).Тек Маңғыстау облысының әкімдігі автобустарды сатып алу рәсімін жеделдетуі қажет. Жайлы орта қалыптастыру мақсатында аймақтардағы 260 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 1 қыркүйекке дейін 194 нысанды тапсыру жоспарланған. Ал, қалған 66 мектептерді жөндеу жұмыстары өз мерзімінде аяқталады (48 мектепте жөндеу жұмыстары жыл соңында аяқталады, ал 18 мектеп келесі жылға ауысады). Дегенмен, министрліктің жүргізген мониторингі шеңберінде Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында жөндеу мерзімнің бұзылу тәуекелдері анықталып отыр», - деді ол.
Авторы: Аягөз Құрмаш