Кәсіпкерлер «Жаңа Алатау» қорын құрды
Қалалық әкімдіктің баспасөз орталығында өткен брифингте Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев 18 мыңнан астам жағдайы төмен отбасы карантин кезінде азық-түлік себетін алатындығын айтты.
«Бүгін біз аз қамтылған отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша қалалық бағдарламаны бастаймыз. Біз 18 618 отбасы барын анықтадық. Олардың ішінде 9971 отбасы аз қамтылғандардың қатарында, жалғызбасты зейнеткерлер – 2585 болса, 1 және 2 топтағы мүгедектер – 5143, сондай-ақ мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған 919 отбасы бар. Бұл тізім кеңейеді, өйткені, қала тұрғындары азық-түлікке мұқтаж адамдар туралы қосымша хабарлай алады», — деді С. Тұяқбаев.
Ертеңнен бастап байланыс орталығы іске қосылады. Егер сіз көмекке мұқтаж адамдарды білсеңіз, бірден қоңырау шала аласыз. Жағдай расталған соң аудандық әкімдіктер тиісті мекен-жайға азық-түлік, бетперде мен антисептиктер жеткізеді.
Қазіргі уақытта стандартқа сай себеттер әзір тұр. Жоспар бойынша күніне 1000 себет тиісті мекен-жайларға жеткізілмекші. Қазір тізім жасалуда, ол азаматтардың өтініші бойынша әлі толықтырылады.
Айта кетейік, Алматы қаласының әкімдігі онлайн қызмет арқылы барлық тапсырысты үйге жеткізіп беретін коммерциялық ұйымдармен жұмыс жүргізуде. Яғни әлеуметтік және коммерциялық қызметтер тікелей үйге жеткізілуі үшін әкімдік тарапынан қолдау шаралары қарастырылуда.
Қаланы жаппай қамту үшін және тұрғындар үйлерінде болуы үшін әкімдік тарапынан жеткілікті қаражат бөлінуде.
Сонымен қатар, аталған іс-шара аясында әкімдік «Nur Otan» партиясымен ынтымақтаса жұмыс істеуде. Демеушілік қаражаттың арқасында партия қор құрып, оған аз қамтылған отбасыларға арнап 6000 астам пакет пен гигиена құралдарын сатып алды.
Қала кәсіпкерлері де қайырымдылықтан шет қалмай, олар азық-түлік себеттерімен көмек көрсететін «Жаңа Алатау» қорын құрды.
Ал өз кезегінде Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров партия жұмысына тоқталды.
«Елбасы тапсырмасы бойынша Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына санитарлық-гигиеналық заттар сатып алу үшін партия 150 млн тг көлемінде қаражат бөлді. Біз "Бақытты Отбасы", "Ардагерлерді Ардақтайық" және "Кедергісіз Келешек" атты партиялық үш жобамыздың аясында әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға сол санитарлық-гигиеналық заттарды таратудамыз. "Жас Отанның" еріктілері 700 жиынтықты мұқтаж жандарға үлестірді, бұл жұмыс әлі жалғасады», — деді С.Канкуров.
Ал #bizbirgemiz! акциясы жайлы Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшақов кеңірек түсіндіріп берді.
«Карантин кезінде қала кәсіпкерлері Елбасы тарапынан айтылған #bizbirgemiz! акциясын бастаған. Бір апта бұрын оған республиканың ірі кәсіпкерлері қосылды», — деді Нариман Әбілшақов.
Мәселен, өткен аптада Қазақстан Халық банкі медициналық қызметкерлерді қолдауға 100 миллион теңге бөлсе, Наурыз мейрамы қарсаңында кәсіпкер Қайрат Мәжібаев республика көлемінде 5000-ға жуық әлеуметтік пакет бөлді.
«Атамекен сайтында мұқтаж жандарға қолдау көрсеткісі келетіндердің барлығына ақша жіберуге болатын «Жаңа Алатау» қорының реквизиттері бар. Бүгінгі таңда азық-түлік себеттері екі түрлі санаттағы, яғни көпбалалы және жалғызбасты қарияларға арналған 8 және 16 түрлі азық-түлік себетінен тұрады», — деді Нариман Әбілшақов.