Түркістан облысының тұрғыны әйелі мен баласын кемтар қылған дәрігерлерге жеңіл жаза кесілгеніне наразы

Azattyq Rýhy

Қателіктің дәрігерлерден кеткені сотта да дәлелденіпті

Түркістан облысының тұрғыны әйелі мен баласын кемтар қылған дәрігерлерге жеңіл жаза кесілгеніне наразы
Фото ашық дереккөзден

Әйелі мен баласы кемтар болып қалған Түркістан облысының тұрғыны дәрігерлерге жеңіл жаза кесілгеніне наразы. Аудандық аурухана дәрігерлерінің қателігінен сал ауруына шалдыққан сәби қазір өздігінен жүріп-тұра алмайды. Ешқандай дыбысқа да елең етпейді. Баланың анасы да дәретін ұстай алмайтын күйге жеткен. Қателіктің дәрігерлерден кеткені сотта да дәлелденіпті. Бірақ барлығы болмашы айыппұл ғана арқалап, қазір жұмысын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

Қуатбек Оразбековтың бауырындағы тұңғышы екі жаста. Бірақ бүлдіршін өздігінен мойнын ұстай алмайды, сөйлемейді, жүрмейді де. Тіпті әке-шешесінің еміреніп, еркелеткенін де сезбейді. Ата-анасы Абдолланың осындай күйге түсуіне дәрігерлердің қателігі себеп болғанына сенімді. Баланың өмірге келмей жатып көрген сынағын естісеңіз, төбе құйқаңыз шымырлайды.

 «Еден жуушы, педиатры бар, бәрін шақырып, білегінде күші бар, үстінен басады. Шынтақпен, жұдырықтап басады. Баланы шығарып алу үшін. Баланы босандырған кезде басынан тартқылайды. Бала шықпайды. Неге? Олардың сауатсыздығы сондай, кіндігі мойнына оралып қалған. Тартқан кезде қарақұс пен жауырынындағы төрт нерв мүшесін үзіп жіберген. Баланың басын ашып көрсем, баланың басында қолдың іздері бар», - дейді Қуатбек Оразбек.

Босанған кезде анасының денсаулығына да зақым келіпті. Ішектерін санитарлық талаптарға сай тікпегендіктен, инфекция түсіп, ақыр соңында келіншек үлкен дәретін ұстай алмайтындай күйге жеткен. Сот сараптамасы тағайындалып, бала мен анасының денсаулығына келген зақым заң жүзінде дәлелденеді. Артынша сот отырысы өтіп, жауапқа тартылған дәрігерлердің барлығы 16 мың теңгемен құтылып кеткен. Ал басты айыпталушыға бес миллион теңге айыппұл жазылып, кейін рақымшылыққа ілігіпті.

«Аудан сотының шешімі жаңағыдай, қанағаттанбаймыз! Облыстық сотқа жібереміз, облыстық сот біздің қанағаттанбағанымызға қарамайды. Қайтадан сол нәрсені өзгертусіз қалдырады. Одан кейін осы баланың жағдайы күннен күнге ушыққан сайын, пәтерден-пәтерге көшіп, несиеден-несиеге баттық», - дейді Қуатбек Оразбек.

Әділдік іздеп шыр-пыр болған Оразбековтер Жоғарғы сотқа шағымданайын десе, Бас прокуратура тарапынан бақылауға алынды деген құжат қажет екен. Адвокаты өзі үш мәрте өтініш жібергенін айтқанымен, Бас прокуратура үш өтініштің бір де біреуі базада жоқ екенін мәлімдеді. Ал Түркістан облыстық әкімдігі облыстық прокуратураның араласуымен қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді.

 «Аталған азамат облыс әкімінің қабылдауында болды. Басынан өткен мәселені толық баяндап, қолдау көрсетуін сұрады. Отырар аудандық ауруханадағы болған жайтқа қатысты облыс әкімінің тапсырмасымен, облыстық прокуратураның араласуымен комиссия құрылды. Тексеру жұмыстары басталды. Оның нәтижесі бойынша қосымша хабарлаймыз», - деді Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Кішкентай Абдолла өмір бойы мүгедек боп қала ма деген қауіп бар. Жарық дүниені көрмей жатып адам сенгісіз қатыгездікпен бетпе-бет келуіне кінәлі бес дәрігердің бесеуі де сот шешімімен жұмыстан шеттетіледі делінген. Алайда олардың бәрі де Отырар аудандық ауруханасында қызметін жалғастырып жатыр. Жәбірленуші тарап кінәлілер лайықты жазасын алмайынша, шағымдана береміз деп отыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.