Карантин кезінде Алматыда қылмыс саны күрт азайған
Есесіне, Алматы облысында 2 аптада 800-ден астам қылмыс тіркелді
Карантин кезеңінде Алматыда қылмыс саны күрт кеміген. Полицейлердің айтуынша, жалпы көрсеткіш екі есеге дейін төмендепті.
«Алматыдағы қылмыстық ахуал тұрақты және қылмыстың төмендеу үрдісі байқалады. Бір тәулікте қалада 57 қылмыс тіркеліп, оның 32-сі ізін суытпай ашылды. Бұл осы жылдың 16 наурызындағы жағдаймен салыстырғанда 39,4% аз. Ұрлық 47,7% азайды. Сондай-ақ, көшеде және қоғамдық орындарда жасалған қылмыстардың саны 38,9% -ға азайды», - деді Алматы қалалық полиция департаментінің Баспасөз қызметі.
Есесіне Алматы облысында жасалған қылмыс саны мыңға жуықтаған. Тек 9-22 наурыз аралығында облыста 832 қылмыс тіркелген.
«2020 жылдың 16-22 наурыз аралығында Алматы облысы аумағында барлығы 357 қылмыс тіркелді. Алдыңғы аптамен салыстырғанда төмендеу. 9-15 наурыз аралығында 475 қылмыс болған еді», - делінген Алматы облыстық Полиция департаментінің ақпаратында.