Коммуналды-тұрмыстық көмірдің заңсыз экспортын шектейтін құжат әзірленіп жатыр

Azattyq Rýhy

Көмірді теміржол көлігімен әкетуге тыйым салынады

Коммуналды-тұрмыстық көмірдің заңсыз экспортын шектейтін құжат әзірленіп жатыр

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Көмірдің жекелеген түрлерін экспорттауға айрықша құқық берудің кейбір мәселелері туралы» ҚР Үкімет қаулысының жобасын әзірлеуді қолға алды, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

«Былтырғы жылу беру маусымында еліміздің кейбір шекаралас өңірлерінде халыққа, білім беру және денсаулық сақтау нысандарына, сондай-ақ өзге де әкімшілік ғимараттарға арналған коммуналды-тұрмыстық көмірдің тапшылығы байқалған еді.Мұндай жағдай ішкі нарыққа арналған коммуналды-тұрмыстық көмірді қолжетімді бағамен сатып алып, оны үстеме бағамен экспортқа сатқан жосықсыз кәсіпкерлердің кесірінен болды», - деп хабарлады министрлік.

Осыған байланысты биыл мамыр айында нарықты тұрақтандыру үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі елімізден көмірді автокөлікпен әкетуді шектейтін бұйрыққа қол қойған-ды.

Алдағы жылу беру маусымында осындай келеңсіз жағдайларға жол бермей таяу перспективада энергетикалық қауіпсіздікке қауіп төндірмеу үшін ҚР ИИДМ «Көмірдің жекелеген түрлерін экспорттауға айрықша құқық берудің кейбір мәселелері туралы» Үкімет қаулысының жобасын әзірлеп жатыр.

Аталған құжат көмірді елімізден тыс жерлерге теміржол көлігімен тас немесе қоңыр көмірді өндіруге келісімшарттары жоқ немесе оны байытумен айналыспайтын және мамандандырылмаған бизнес субъектілерінің әкетуіне тыйым салуға бағытталған.

Осы орайда қолға алынған бұл амал «Атамекен» ҰКП, Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы мен Қазақстанның көмір өндіруші кәсіпорындарымен келісілгенін айта кеткен орынды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.