Ірі инфрақұрылымдық нысандарда отандық құрылыс материалдарын пайдалану қажет – Қарабаев

Azattyq Rýhy

Министр энергетика нысандарын аралады

Ірі инфрақұрылымдық нысандарда отандық құрылыс материалдарын пайдалану қажет – Қарабаев

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Астанадағы тұрғын үй-коммуналды және жол инфрақұрылымының бірқатар нысанына аялдап, алдағы жылу беру маусымына дайындықты тексерді, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

Атап айтқанда, ведомство басшысы елордадағы сумен жабдықтау нысандарын аралап көрді. Мәселен, жаңа сорғы-сүзгі стансасының (3-ССС) құрылысын тексеріп, Астана су қоймасындағы 1-ші көтергіш сорғы стансасына барып, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған 1-ССС мен 2-ССС су дайындау кешенінің жай-күйімен танысты.

Бұған қоса осы жұмыс сапарында Марат Кәрімжанұлы нөсерлі суға арналған (VI-1 ТҚ мен III-6 ТҚ) кәріз-тазарту жүйесі мен 2-кәріз-тазарту стансасының (2-КТС) құрылыс жұмыстарының қарқынын байқап шықты.

Осыдан кейін министр Астанадағы 2-ЖЭО-на барып, алдағы жылу беру кезеңіне дайындық жұмыстарын пысықтап, кәсіпорынның даму жоспарымен танысты.

Сонымен қатар Марат Қарабаев бас шаһардың сол жағалауында салынып жатқан жылу қазандығының құрылыс жұмыстарын тексергенін айта кетейік. Жеткілікті көлемдегі қуат қорына ие жаңа нысан (250 мың тұтынушыға дейін шақталған) қаланың жылумен жабдықтау жүйесінің ортақ желісіне қосылатын болады. Бұл жоба жүктемені азайтып, ЖЭО жұмысын жеңілдетеді деп қарастырылған.

Жұмыс сапарының соңында ИИДМ басшысы Тәуелсіздік көшесіндегі көпір құрылысын пысықтады. Жыл соңына дейін көпір бойынша барлық негізгі жұмысты аяқтап, жол қозғалысын ашу жоспарланған. Көпірді абаттандыру жұмыстары 2024 жылы аяқталмақ.

Нысанды аралау кезінде М.Қарабаев мердігерлермен кездесіп, ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысында отандық өндірушілердің өнімдерін пайдалану мәселелерін талқылады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.