«Мектепке жол»: қалай және кімге алуға болады
Бұл мақсаттарға 18 млрд теңге қаражат бөлінген
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан жекелеген санаттағы және көмекке мұқтаж балаларды қолдау мен мектепке дайындығына қатысты мәселелерді көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Биыл жаңа оқу жылында республика бойынша мектептерде білім алушылардың саны 3 млн 500 мыңнан асады, оның ішінде бірінші сыныпқа қабылданған балалар саны 380 000 мыңның үстінде.
Мемлекет өз тарапынан жыл сайын мұқтаж ата-аналарға балаларын мектепке дайындау үшін барынша көмек көрсетіп жатқанын атап өткен жөн. Мәселен, ағымдағы жылы Жалпыға бірдей міндетті білім қорынан 450 мыңнан астам мұқтаж оқушыларға мектеп формасы мен оқу-құралдарын сатып алуға 18 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.
Вице-министрдің айтуынша, Жалпыға бірдей білім беру қоры аясында атаулы әлеуметтік көмек ата-ана қамқорлығынан айырылған, жетім балалар мен жан басына шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз және әлеуметтік көмекке құқылы отбасыларға беріледі. Сондай-ақ, төтенше жағдай салдарынан жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар қаржылай көмек ала алады.
Атап айтқанда, Абай облысындағы өрт салдарынан қаза тапқандардың балаларының әрқайсысына 500 мың теңге көлемінде материалдық жәрдем көрсетілді. Сондай-ақ, баспасөз мәслихатында Министрлік тарапынан әрбір білім алушыға киім, оқу-құралдарын сатып алуға арналған қаражаттың ең төменгі мөлшері белгіленгендігі баяндалды.
«Биыл әрбір білім алушыға берілетін материалдық көмектің ең төменгі мөлшері 40 567 теңгені құрайды. Өткен жылы Оқу-ағарту министрлігі көп балалы, аз қамтылған аналардың талаптарын ести отыра, өтініштерін орындау мақсатында есепшоттарына қаражат аударуды көздейтін ҚР Үкіметінің қаулысына өзгеріс енгізген болатын. Қабылданған өзгерістер ата-аналар мен балаларға бірге мектеп формасын, аяқ киімді, кеңсе тауарларын, әрі жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік бермек», - деп атап өтті Еділ Оспан.
3 тамыздағы жағдай бойынша өңірлер 201 206 баланы 43,9% қамтумен ата-аналардың есепшоттарына 8,2 млрд теңгеден астам қаражат аударды. Айта кетейік, ата-аналар аталған тауарларды сатып алғаннан кейін оны растайтын құжатты ұсынуы керек. Материалдық көмек тамыз айының соңына дейін ата-аналардың мектеп директорының атына берген өтініші негізінде ұсынылады.
Республика бойынша бір балаға көмек көрсетудің ең жоғары мөлшері Павлодар облысында көзделген. Ол 47,3 мың теңгені құрап отыр.
Қазір өңірлерде кәсіпкерлерді тарта отырып мектеп жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Мәселен, автодүкендерде жеңілдетілген бағамен мектеп киімдері мен кеңсе тауарларын сатып алуға болады.
Бұдан бөлек, Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бастамасымен 2008 жылдан бері жыл сайын 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында еліміздің барлық өңірлерінде дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы «Жақсылық жаса» ұранымен бастау алды.
Әр баланың отбасының әлеуметтік жағдайына қармастан, сапалы білім алуға толық құқығы бар екенін атап өткен жөн.
Комитет төрайымы Насымжан Оспанова, акция аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан сондай-ақ, асыраушысынан айырылған ерекше білім беруді қажет ететін балаларға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған айтып өтті. Оның сөзінше, ата-ана үшін баласын лайықты түрде мектепке жинау оңай шаруа емес.
«Міне, 15 жылдан бері жалғасып келе жатқан «Мектепке жол» акциясы мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге және жаңа оқу жылы қарсаңында барлық балалардың мерекелік атмосферасын құруға мүмкіндік бермек. Өткен жылы демеушілер мен меценаттар 3 млрд 781 млн теңгеге 204 мыңнан астам оқушыға көмек көрсетті. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар мен балаларға бей-жай қарамайтын, жүрегі кең азаматтардың аталған акцияға белсенді қатысуға шақырады», - деді Насымжан Оспанова.