Бюджет қаражаты есебінен 14200 балаға көмек беріледі
Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында «Астанада «Мектепке жол» акциясы басталды» тақырыбында Астана қаласының Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев қызметі туралы брифинг өткізді, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
«Астана қаласы бойынша жаңа оқу жылында бала саны болжаммен 255 мыңға жуық болады. 1-сыныпқа 27 мыңнан астам бала барады деп күтілуде. Бүгінде оқушылардың орын тапшылығын жою мақсатында елордада 15700 орынға арналған 11 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 90 мыңдай оқушыға арналған (2 ауысымда) 24 ірі мектепті жобалау басталды», - деді Сенғазыев.
Бүгін 1 тамыздан бастап Астанада Жалпыға міндетті білім беру бағдарламасы бойынша «Мектепке жол» акциясы басталады. Биыл Астана қаласы бойынша 22 700 балаға көмек көрсетіледі:
-жалпыға міндетті білім беру бағдарламасы аясында атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар;
-атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балалар;
-жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар,
-төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан және басқа санаттағы балалар;
-қиын жағдайға тап болған, оның ішінде мүгедек балалары бар жағдайы төмен отбасылар.
«Бірінші бағыт бойынша бюджет қаражаты есебінен 14200 балаға көмек берілетін болады. Оны алу үшін ата-аналарға мектепке барып өтініш жазып, банкте арнайы шот ашуы қажет. Биылғы жылы жалпыға міндетті оқу қорынан көрсетілетін қаражаттың көлемі 41 мың теңгені құрайды», - деді ол.
Екінші бағыт бойынша «Мектепке жол» республикалық акциясы бойынша аудан әкімдіктерімен бірлесіп демеушілік қаражаты есебінен әлеуметтік осал санаттағы 8 500-ден астам баланы қамту жоспарлануда. Материалдық көмекті ала алады:
-көп балалы отбасылар;
-жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатарындағы білім алушылар.
Егер отбасы аталған санаттарға жататын болса, онда балалардың ата-аналары мектепке растайтын құжаттарды ұсынуы керек. Қажетті құжаттар туралы ақпаратты мектептер ұсынады.
Дәлелсіз себептермен мектепке бармайтын балаларды анықтау мақсатында Астана қаласы Полиция департаментінің учаскелік инспекторларымен бірлесіп тұрғын үй алаптарына, мекен-жайларға рейдтер жүргізілуде («Үркер», «Пригородный», «Тельмано», «Заречное», «Железнодорожный», «Көктал», «Интернациональный», «Мичурино», «Промышленный», «Юго-Восток»).
Астана қаласының аудан әкімдіктері және инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы 12 тамыздан бастап қаланың барлық аудандарында балаларды мектепке дайындау үшін жәрмеңкелер ұйымдастырады:
- «Байқоңыр» ауданында «Аймақтау» сауда орталығы,
-«Нұра» ауданында цирк тұрағы;
-«Сарыарқа» ауданында Қосшығұлұлы көшесі,14 үй.
-Алматы ауданында, Абылай хан көшесі, 20 үй.
- Есіл ауданында «Ботаникалық саябақтың» тұрағы.