Абай облысының тұрғыны желі арқылы танысқан қызға оңбай алданып қалды

Azattyq Rýhy

22 жастағы тұрғын әлеуметтік желі арқылы танысқан қызға 2 миллион теңге ақша аударып жіберген

Абай облысының тұрғыны желі арқылы танысқан қызға оңбай алданып қалды

Абай облысының 22 жастағы тұрғыны әлеуметтік желі арқылы танысқан қызға 2 миллион теңге ақша аударып жіберген. Жігіт қыз байланысқа шықпай қойғанда алданғанын бір-ақ түсінген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

22 жастағы Абай ауданының тұрғыны мамыр мен шілде айлары аралығында әлеуметтік желі арқылы бір қызбен хат алмасып отырған. Желідегі екеуара әңгіме жарасқаны соншалық, жәбірленуші азамат қашықтан байланысқа шығып жүрген қызға 2 миллион теңге ақшаны қалай аударып қойғанын білмей қалған. Қыз байланысқа шықпай қойғанда ғана жәбірленуші алданғанын түсінген.

«15 шілдеде Абай аудандық полиция басқармасына алаяқтық бойынша арыз түскеннен кейін тәртіп сақшылары жедел әрекет барысында күдіктіні анықтады. Оның 27 жастағы Қарағанды қаласының тұрғыны екені белгілі болды. Жәбірленуші күдіктімен беттестіру барысында таң қалғаны соншалық, сөйлесіп жүрген қыз еңгезердей ер-азамат болып шықты», делінген полиция хабарламасында.

Күдікті тергеудің қорытындысы бойынша заң аясында тиісті жазасын алатын болады.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тәртіп сақшылары күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.