Ұн экспортының 70%-ы ауған халқына жөнелтіледі – Төребаев
Былтыр ұн жеткізу көлемі 52 пайызға артқан
Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев «Қазақстан-Ауғанстан» бизнес-форумы мен ауған тауарларының көрмесі жайлы айтты, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
«Форум 3 тамызда ЭКСПО аумағындағы Конгресс-орталықта өтеді. Ауғанстанның сауда министрі Нұриддин Азизи бастаған 200-ден астам делегация келеді деп күтілуде. Делегацияның қалған мүшелері-бизнес өкілдері. Олар бизнестің, ірі энергетикалық, телекоммуникациялық компаниялардың өкілдері, Орталық банктің және бірқатар жеке банктердің өкілдері, кілем, сусындар, асыл тас өндірушілері және тағы басқалар. Ауған делегациясының барлық мүшелері БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің санкциялық тізімдеріне кірмейтінін және тиісінше оларға қандай да бір шектеу шараларын қолдануға болмайтынын бірден атап өтемін», - деді ол.
Төребаев Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда-экономикалық қатынастар мен олардың даму әлеуетіне тоқталды.
«Ауғанстан қазақстандық ұнның негізгі тұтынушысы. Біз барлық ұн экспортының 70% - ауған халқына жөнелтеміз. Біздің бизнесмендер осы бағытта жемісті ынтымақтасып келеді. Өткен жылы ұн жеткізу көлемі 52%-ға (2021 жылы 895 мың тоннадан 2022 жылы 1,3 млн тоннаға дейін), бидай – 20% – ға (2021 жылы 572 мың тоннадан 2022 жылы 687 мың тоннаға дейін), күнбағыс майы-6,2 есе (2021 жылы 2825 тоннадан 2022 жылы 17,5 мың тоннаға дейін) артып, биылдан бастап қара бидай жөнелтіле бастады. Бұл тауарлардың сұраныс әлеуеті өте зор. Мысалы, біздің Орталық Азиядағы негізгі серіктесіміз, тауар айналымы 5 млрд. АҚШ долларын құрайтын Өзбекстан Республикасы да қазақстандық астық пен ұнды тұтыну көлемін ұлғайтты. Соңғы уақытта Ауғанстанға экспорт әртараптандырылып, дәрілік заттарды, тыңайтқыштарды және прокатты жөнелту тұрақталды», - деді ол.