Ресей мен Украина: соғыста кім жеңеді, қашан аяқталады – шетелдік БАҚ-қа шолу
Екі ел арасындағы соғыстың басталғанына 520 күн толды
Соғыс басталғалы бері әлем жұртын оның қашан аяқталатыны алаңдатты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Ұзаққа созылған текетіресте кім жеңіске жетеді? Қайсысының әскери әлеуеті мықты? Осы және өзге де өзекті сұрақтар төңірегінде шетелдік БАҚ-та жарияланған әлемдік сарапшылардың пікірлеріне шолу жасап көрді.
Соғыста кімнің жеңетініне қатысты әлемдік сарапшылардың пікірі екіге жарылды. Бірі соғыс екі жақты да қажытып, ешкім жеңіске жетпейді деп болжаса, енді бірі Украинаның жеңіске жететінін, бірақ бұл жеңіс тым қымбатқа түсетінін айтады.
Бірінші пікірді ұстанатын сарапшылардың пайымынша, АҚШ пен Батыс елдері Украинаны Ресейдің түбіне жететіндей қарумен қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан да соғыс ұзаққа созылып, екі жақты да әбден қажытады, екі тарапқа да жеңіс әкелмейді. Бір жағынан бұған Батыс елдерінің Ресейді өзіне қарсы қойып алғысы келмейтіні себеп екенін айтады. Осы пікірді қолдайтындардың бірінің пікірі BBC-де жарияланды. Ұлыбритания зерттеулер институты өкілі – Майкл Кларк жалпы Ресей осы соғысқа 300 мың әскериді дайындады дейді. Ол сондай-ақ Ресей мен Украинаның келісімге келе қоюы қиын деп, ал мұндай жағдайда соғыс жалғаса беретінін айтады. Батыс елдері Украинаның жеңілуіне жол бермейді. Мұндай көзқарастағылардың бірі – Джеймс Голдгейер, Foreign Affairs журналында ол соғыс жақын арада аяқталмайды деп пікір білдірген.
Әлжазира ақпарат агенттігінде жарияланған мақалада да осындай көзқарас. Онда АҚШ-тың әскери шенеуніктерінің бірі, генерал Марк Милли пікірі келтірілген.
«Ресей бұл соғыста жеңбейді. Бұл оңай емес. Ресейдің соғыс басталған кездегі мақсаттары, оның ішінде Украина билігін әскери жолмен құлату мүмкін емес. Сондай-ақ Украинада Ресейдің жүз мыңдаған солдаты жүр. Бұл Киевтің «барлық территориямызды қайтарамыз» деген мақсатының жақын арада жүзеге асупайтынын көрсетеді. Соғыс жалғаса береді. Қанды қырғын болады. Зардабы өте ауыр. Бір сәтте екі жақ келісімге, не болмаса әскери шешімге тоқтайды», - деді ол.
Миллидің берген бағасына сәйкес, екі жақтың да жеңуге мүмкіндігі жоқ, қазір ешқандай келісім жүргізіліп жатқан жоқ.
«Ресейдің бұрынғы президенті, Путиннің одақтасы Дмитрий Медведев де соғыстың ондаған жылдарға жалғасатынын жазған. Ол бұл пікірді РИА Новостиге берген сұхбатында айтқан», - деп мәлімдеді Әл-Жазира.
Сондай-ақ АҚШ-тың және Батыс елдерінің агенттіктері Украинаға қаржылық қолдаудың жалғаса беретінін жарыса жазып жатыр. Reuters ақпаратына сәйкес, АҚШ тағы қосымша Украинаның қорғанысына 300 миллион доллар ұсынуға әзір.
АҚШ-тың Сыртқы істер министрі Ллойд Остин мәліметінше, АҚШ Украинаға қорғанысына 65 миллиард доллар қаражат бөлген.
Вашингтондағы Соғысты зерттеу институты ақпаратына сәйкес, соғысты созу Ресейдің мақсатты қадамы емес, тез жеңіске жетеміз деген жоспарының көкке ұшқанының көрінісі.
«Ресейдің соғысты ұзақ созуға қабілетті екеніне кепілдік жоқ, бірақ бұл оның әскери күшін қалпына келтіріп алуына қосымша уақыт пен мүмкіндік береді», - деп мәлімдеді институт.
Ал екінші пікірді ұстанатын сарапшылар Ресейдің қаруы мен әскер ресурсы бітуге жақын қалғанын айтады. New York Times-та жарияланған АҚШ әскери сарапшыларының мәліметінше, жараланған және көз жұмған ресейліктердің саны 180 мыңнан астам. Мұндай статистиканы Норвегия Қорғаныс министрі Эйрик Кристофферсон да айтты.
Ал Associated Press-те көз жұмған ресейліктер саны – 47 мың деп көрсетілген ақпарат жарияланды. AP агенттігі зерттеу авторы ретінде екі ресейлік тәуелсіз ақпарат агенттігіне сілтеме жасайды. Ал ресми Мәскеу жасаған мәлімедеме бойынша тек 6000 ресейлік әскер қаза болған.
«47 мың адам көз жұмды деп қорытындыға келген зерттеуді Ресейде «шетелдік агент» деп айыпталған «Медиазона» және «Медуза» ақпараттық агенттіктері Германияның Тюбен университеті зерттеушілерімен бірігіп жүргізген. Олар 2022 жылдың ақпан айынан бастап 2023 жылдың мамыр айына дейінгі COVID-19 пандемиясынан көз жұмды деп көрсетілген 50 жасқа дейінгі ер азаматтардың ішіндегі жалған статистиканы анықтауға тырысқан. Зерттеушілер пандемия кезінде көз жұмған әйелдерге қарай отырып, салыстырмалы болжам жасаған. Зерттеу қорытындылары «Мәскеудің құпиясын» ашып берді. Оған сәйкес, Ресейдің Украинаға ашқан соғысы 47 мың ресейліктің өмірін қиды», - деп жазды Associated Press.
Украина басым түседі деген көзқарастағылардың бірі – Нобель сыйлығының лауреаты, әскери сарапшы Пол Кругман New York Times-та Украинаның жеңіске жететінін болжап, тіпті, содан кейінгі кезеңге қатысты жорамалдарын келтіреді.
Оның пікірінше, соғыс Украинадағы демократияның дамуына тікелей әсер етті. Кругман Украинадағы демократияның қазіргі көрінісін АҚШ-тың 1940 жылдардағы кезеңіне ұқсатады.
«Бұл – мінсіз емес демократия. Бірақ соғыста Украина жеңгеннен кейінгі жаңа кезең оған көз тігіп отырған әлем халықтарының көңілін қалдырады. Әлем Украинадағы демократияны асыра бағалап отыр. Украина да Ресей сияқты КСРО шекпенінен шықты. Оған да Сталин орнатқан жемқорлық пен сыбайластық, шовинистік көзқарас тән. Соғыс аяқталғаннан кейін сыбайлас жемқорлықтың салқыны сезіле бастайды», - дейді ол.
Ал Ресейдің әскер мен техника, қаржы шығынына қатысты Украинаның мәліметтері мүлдем бөлек. Украина Қорғаныс министрлігі ресми сайты ақпаратына сәйкес, соғыс басталғалы 178 820 ресейлік көз жұмған. 307 зымыран, 292 тікұшақ, 3637 танк, 2323 ұшақ, 18 кеме шығын болған.
Әзірге Украина мен Ресей арасындағы соғыстың қанша уақытқа созылатынына қатысты сарапшылар бір ауыздан ұзақ мерзімге әрі дәл қай күні бітетіні белгісіз деп жорамал жасап отыр.