Биыл Қазақстанда электромобильдер саны жеті есеге көбейді
Дегенмен жалпы көрсеткіште бұл небәрі 0,1%-ды құрайды
Соңғы уақытта экологиялық қауіпсіздік мәселесіне көңіл бөліне бастауына және көміртегі бейтараптығына көшу қажеттілігі туындауына байланысты әлемде электрлі көліктер көбірек танымал болып келеді. Қазақстанда әзірге электр қуатымен жұмыс істейтін 3,6 мың көлік бар, оның ішінде 135 автобус, 226 жүк көлігі және 3,2 мың жеңіл көлік тіркелген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Energyprom зерттеушілерінің мәліметіне сүйенсек, биылғы 1 маусымға дейін электр қозғалтқышы бар жеңіл көліктердің саны бір жыл ішінде бірден 7 есеге өсті.
«Өңірлік тұрғыдан электр қуатымен жүретін жеңіл көліктердің басым бөлігі Алматы қаласында тіркелген: 59,9%. Бір жыл ішінде бұл көліктер саны мегаполисте бірден 48,3 есеге артты.
Екінші және үшінші қатарда Астана қаласы мен Алматы облысы тұр: сәйкесінше 325 және 118 электромобиль бар.
Электр қуатымен жүретін көліктердің ең азы Абай (5), Ақмола (7) және Ұлытау (8) облыстарында тіркелген», - дейді сарапшылар.
Биыл әр облыста кем дегенде бір электр қозғалтқышы бар жеңіл көлік тіркелген. Салыстыру үшін айта кетсек, өткен жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша мұндай көліктер сол кезде 17 облыстың 10-ында ғана (Оңтүстік Қазақстан облысында тіркелген электр көліктерін қоспағанда) тіркелген болатын.
Айта кетсек, биылғы 1 маусымға дейін елімізде 4,9 млн көлік құралы тіркелген, бұл бір жыл бұрынғыдан 12 пайызға артық көрсеткіш. Оның 4,3 млн-ы – жеңіл, 492,7 мыңы – жүк көлігі, 100,7 мыңы – автобус.