Нұр-Сұлтан мен Алматыда барлық көлік тұрақтары тегін болады
19 наурыздан бастап екі мегаполисте карантин енгізілді

Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында барлық көлік тұрақтары тегін болады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау комитетінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Коронавирустың таралуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағында енгізілген төтенше жағдай режиміне байланысты Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында автокөлік тұрақтары тегін болады. Алматының қалалық тұрақтарында 21 наурыздан бастап ақы алынбайды. Ақылы тұрақтар тұрғындардан ақыны 15 сәуірге дейін алмайды», - деп жазылған ақпаратта.
Айта кетейік, 19 наурыздан бастап екі мегаполисте карантин енгізілді. 16 наурызда ел бойынша төтенше жағдай жарияланды. Қазақстанда қауіпті індетті жұқтырғандар саны 52 адамға жетті. Оның ішінде Алматыда - 22, Нұр-Сұлтанда - 28 және Қарағандыда - 2 жағдай тіркелген.