«Науқас әйеліне көмек сұрады»: түрлі алаяқтық тәсілмен ақша тапқан өскемендік тұрғын ұсталды
Оған екі жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасы тағайындалуы мүмкін
Өскемендік тұрғын әйелінің ауруын пайдаланып, қала тұрғындарынан ақша жинаған. Ол алаяқтық бабы бойынша қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy YK-news.kz-ке сілтеме жасап.
Күдіктіге қатысты қала тұрғыны Ертіс полиция бөліміне шағым түсірген. Оның айтуынша, 2022 жылы «науқас жұбайына медициналық көмек керек» деген сылтауымен бейтаныс адам одан 30 000 теңге алған.
«Жедел іздестіру іс-шаралары барысында құқықтық тәртіп сақшылары 1972 жылы туған күдіктіні анықтап, ұстады», - деп хабарлады ШҚО ПД.
Тергеу мәліметтері бойынша, бұл бір ғана жағдай емес. Алаяқ жұбайының ауруын сылтауратып қана қоймай, адамдарға жалған бензин талондарын сатып, алдау арқылы тапқан.
Жалпы шығын 150 мың теңгеден асады. Күдіктіге екі жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі төніп тұр.