Қазақстандықтар көлік жөндеуге жарты жылда 83 млрд теңге жұмсаған
Бұл өткен жылмен салыстырғанда 40,7%-ға артық көрсеткіш
Биылғы бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша Қазақстанда автокөліктерге техникалық қызмет көрсету және жөндеу көлемінің айтарлықтай өскені байқалады. Сарапшылар айтуынша, аталған уақыт аралығында бұл секторда жалпы кіріс 83,1 млрд теңге болған, бұл өткен жылмен (59 млрд теңге) салыстырғанда 40,7%-ға артық көрсеткіш, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Energyprom зерттеушілерінің мәліметіне сүйенсек, Алматы жалпы статистикаға айрықша қомақты үлес қосып, осы саладағы барлық қызметтің 39,6 пайызын көрсеткені белгілі болды. Бұл ретте Алматыда өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда қызмет құны 56,5%-ға өсіп, 32,9 млрд теңгеге жеткен. Сондай-ақ алдыңғы орындарда Астана қаласы, Атырау, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарын бөліп көрсетуге болады, бұл өңірлер де қызмет көрсетудің айтарлықтай өскенін көрсетті.
«Биылғы маусым айында жеке көліктерді пайдалану құны өткен жылмен салыстырғанда 15,7%-ға өсті. Оның ішінде бөлшектер мен керек-жарақтар бағасының 15,9%-ға, сондай-ақ жанар-жағармайдың 15,9%-ға, техникалық қызмет көрсету және жөндеу шығындары 14,6%-ға қымбаттаған», - дейді сарапшылар.
Баға өсімі Ақтөбе (20,7% өсім), Шығыс Қазақстан (20,3% өсім) және Солтүстік Қазақстан (19,7% өсім) облыстарында айрықша байқалған. Бұл ретте бағаның ең аз өсімі (8,1%-ға өсу) Ұлытау облысында тіркелді.
Астанада қосалқы бөлшектер мен керек-жарақтар бағасы 34,2%-ға өссе, Жетісу облысында баға небәрі 1,4%-ға өскен.
Жанар-жағармай бағасы Солтүстік Қазақстан облысында (20,5%) айтарлықтай өссе, ал Ұлытау облысында (8,1%) көп қымбаттамаған.
Техникалық қызмет көрсету және жөндеу қызметтері бағасының ең көп жылдық өсімі Ақтөбе облысында (72,6%-ға), ең азы Шымкент қаласында (бар болғаны 0,8%-ға өсті) тіркелген.
«Бір жыл ішінде жеңіл автокөлік лөңгелектерінің бағасы орташа есеппен 18,2%-ға өссе, май сүзгісі 13,4%-ға қымбаттады. Бұл – жеке көліктерге арналған қосалқы бөлшектер мен керек-жарақтар өнімдер», - делінген зерттеуде.
Бір жыл ішінде жанармай бағасы 12%-ға өссе, дизель отыны мен мотор майы сәйкесінше 36,1%-ға және 22,9%-ға қымбаттады.
Техникалық байқау құны 8,9%-ға, дөңгелектерді орнату 12,4%-ға, көлік жуу 22,2%-ға қымбаттаған.