Өзбекстанда танымал блогер көз жұмды
Оның миына ота жасалған
Өзбекстанда Asad Algo лақап атымен танымал 20 жастағы блогер Асадбек Арзикулов көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy gazeta.uz-ге сілтеме жасай отырып.
19 шілдеде блогер миына операция жасалған соң қайтыс болған. Жас жігіт «Жабық бас миының жарақаты, мидың шайқалуы, субдуральды бас гематомасы, мойын гематомасы, екі тізе және екі шынтақ көгеруі» диагнозымен Республикалық жедел медициналық көмек ғылыми орталығына жеткізілген.
Өзбекстан Бас прокуратурасының баспасөз хатшысы Хает Шамсутдинов блогердің қайтыс болу фактісі бойынша тергеуге дейінгі тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады. Өлімнің себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Ташкент ІІБ Асадбек Арзикуловтың қайтыс болуына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Тергеу барысында 16 шілдеде Мирзо-Ұлықбек ауданындағы саябақтардың бірінде асадбек Арзикулов пен оның танысы Абдулазиз И. (1997) арасында қақтығыс болып, Арзикулов жарақат алғаны белгілі болды. Осыдан кейін олар татуласып, екі жаққа кеткен. Болған оқиға туралы жәбірленуші ІІО - ға хабарлаған жоқ және медициналық мекемеден көмек сұрамаған.