Бурабайда найзағай разрядынан орман өртенді
Өрт сөндірілді
Бурабай өңіріндегі Қаратау тауында найзағайдың түсуінен орман өрті шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тұтанудың бастапқы кезеңінде Бурабай МӨСБ өртті ерте анықтау жүйесі өртті анықтады. Бұл өртті бірнеше сағатта оқшаулауға мүмкіндік берген.
«Өртті сөндіруге Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті мен Бурабай МҰТП жеке құрамының 136 адамы мен 14 техникасы жұмылды. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігі «Қазавиапас» АҚ тікұшақтары Батыс және Шығыс Қазақстан облыстарын патрульдеуіне байланысты ҚР Қорғаныс министрлігінің МИ-8 тікұшағын пайдалану туралы шешім қабылданды. Ол 6 рет су сеуіп шықты», делінген хабарламада.
Өрт сөндірілді.
«Жалпы қауіпті кезең басталғаннан бері Ақмола облысында 42 рет орман өрті болды. Оның ішінде 32 өрт найзағай соғуынан болды», деді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев.