Блогерлер Павлодар маңындағы ерекше көлдің кеуіп кеткенін айтып, дабыл қақты
Экология министрі Зульфия Сүлейманова Павлодар маңындағы кеуіп қалған әйгілі қызғылт көлдің жағдайын арнайы комиссия тексеріп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Министр әлеуметтік желіде көлдің қазіргі күйі туралы видео жарияланған соң Instagram парақшасында аталған жайтқа пікір білдірді.
«Қазір ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экология комитеті мен Павлодар облыстың табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу департаментінің мамандары, экологтар мен қоғам қайраткерлерінен тұратын комиссия құрылып жатыр. Олар Қазақстанда қызғылт көл атанып кеткен Коряковка көліне зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Комиссия жұмысының қорытындысы ҚР ЭТРМ сайтында жарияланады. Барлық ұйымдастыру жұмыстары аяқталғаннан кейін комиссия сейсенбі күні жолға шығады», - деп хабарлады Экология министрі Зульфия Сүлейменова.
Айта кетсек, жақын күндері блогер Денис Денский әлеуметтік желіде Павлодар маңындағы Коряковка қызғылт көлінің қазіргі күйі туралы видеосын жариялаған болатын. Онда ол 2020 жылы сұлулығымен танымал болған көлдің қазір кеуіп, тұзы аспанға шығып жатқанын айтады. Ол сондай-ақ көлдің әлдекімдердің қолымен қасақан кептірілуі мүмкін екенін, себебі көл тұзы сатылымға шыққанын мәлімдеді.