ҰБТ-ға тыйым салынған заттарды кіргізгені үшін 402 талапкер тест тапсырмады
Талдау 31 қазанға дейін жасалады
ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҰБТ-да тыйым салынған заттар туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«ҰБТ өткізу барысында 402 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 312 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Кейбір тестіленушілерден жасырын камералар, микроқұлаққаптар, смартфондар және басқа да тыйым салынған заттар табылды», - деді ол.
Емелбаев атағандай, Ұлттық тестілеу орталығы барлық бейнежазбаға 2023 жылғы 31 қазанға дейін талдау жасайды.
«Егер тыйым салынған заттарды пайдалану фактілері анықталса, талапкер білім беру грантынан айырылады. Бұл норма 2020 жылы алғаш рет қолданылған еді. 2020 жылы бейнежазбаларды қайта қарау нәтижесінде 152 тестіленушінің, 2021 жылы 52 адамның, 2022 жылы 217 адамның нәтижесі жойылған болатын. Биыл да бұл жұмыс қолға алынды», - деді ол.