Қырғызстанда президенттің жиені ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен қамауға алынды

Фото: banks.kg

Бішкекте Садыр Жапаровтың жиені Ұлан Жапаров ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.

Бішкектің Бірінші Май аудандық сотының мәліметінше, ер адам 26 шілдеге дейін 1 тергеу изоляторына қамалған.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Ұлан Жапаров сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен ұсталған. Президенттің баспасөз хатшысы Ербол Сұлтанбаев күдіктінің мемлекет басшысының туысы екенін растады.

Президент әкімшілігіндегілер ұсталған азамат президенттің туысқан ағасы Рақымжан Жапаровтың ұлы екенін нақтылады. Ішкі істер министрлігі оны кедендегі сыбайлас жемқорлық схемаларына қатысты деген күдікпен ұстады.

«Бұл туралы хабардар болғаннан кейін президент күдіктілерге заңды шара қолдануды талап етті. Бұл жағдай сыбайлас жемқорлықпен күресте іріктеу жоқтығын тағы бір мәрте көрсетті. Туыстық және басқа да байланыстарына қарамастан кез-келген азамат қылмыс немесе құқықбұзушылық жасаған жағдайда заң шеңберінде жауапкершілікке тартылады. Егер іс сыбайлас жемқорлыққа қатысты болса, онда келтірілген зиянды өтеу міндетті», - деді Сұлтанбаев.