Дариға Назарбаева: Көптеген адам жұмыссыз қалуы мүмкін
Сенат бір күндік жалақысын коронавируспен күресу қорына аударды
Сенаттың жалпы отырысында спикер Дариға Назарбаева елдегі төтенше жағдайға байланысты депутаттар мен аппарат қызметкерлерінің көбі қашықтан жұмыс істеуге көшкенін, сонымен қатар, Парламент ғимаратында жоспарланған бірқатар шаралардың қысқаратынын айтты.
Дариға Назарбаеваның айтуынша, елдегі төтенше жағдай біраз адамның тұрмыстық жағдайын нашарлатып, жұмыссыздық тудырады.
«Өкінішке қарай, төтенше жағдай мен карантин іскерлік белсенділікті азайтады. Көптеген азаматтар уақытша болсын жұмыссыз, тіпті күнкөріссіз қалуы мүмкін. Қазірдің өзінде Алматы қаласына қатынап, жұмыс істеп жүрген Алматы облысының тұрғындары қиындыққа тап болып отыр. Бұл шамамен, 500 мың адам, бұған әрбір адамның отбасы мүшелерін қосыңыз, сонда мәселенің ауқымы да ұлғаяды», - деді Сенат төрағасы.
Осыған байланысты, спикер деаутаттар мен Сенат аппаратындағы қызметкерлердің бір күндік жалақысын коронавируспен күресу қорына аударуды ұсынды. Жоғары палата депутаттары бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.
«Бізге ертеңгі күнге сеніммен қарап, бойымыздағы үрей мен күдіктен арылу қажет. Әлем жұртшылығына «темір ханым» деп танылған Маргарет Тетчер: «Біздің қорқыныштың тоқсан пайызы ешқашан болмайтын нәрсе туралы» деген. Қазіргі таңда баршамыз бәрі жақсы болатыны туралы ойлап, жақсылықтан үміттенуіміз керек. Біз талай сында шыныққан мықты халықпыз. Біз бәрін жеңеміз. Алдағы сенбі күні жарқын мерекеміз - Наурыз келеді. Бұл көктем мерекесі, жандану мен гүлдену мейрамы. Үміт пен жаңару мерекесі. Баршаңызға денсаулық пен бар жақсылық тілеймін! Наурыз бізге бұл жылы тек бақыт алып келсін, қайғы мен ауыртпалықтан арылтсын», - деді Сенат отырысын жапқан Дариға Назарбаева.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан