«Тәуелсіз әлеуметтанушылармен келісемін»: Бейсенбаев Үкіметтің қандай проблеманы жасырып отырғанын айтты

Автор: Аягөз Құрмаш

Әлеуметтанушылар халықтың 10 пайыздан астамы жұмыссыз екенін айтады

Фото Әли Ғалым

Парламент палаталарының бірлескен отырысының кулуарында Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев бірқатар мәселені көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Электронды темекіге қарсы адамдардың бірі – менмін. Біз міндетті түрде оған тыйым салуымыз керек. Мұны жүзеге асыру үшін күресеміз. Депутаттар жазда өңірлерді аралайды. Жаз мезгілінде әр депутат заң жобасымен айналысуға мүмкіндік алады. Өзі бастамашы болған заң жобаларын әзірлеп, мемлекеттік органдармен жұмыс істеуге ден қояды», - деді ол.

Елнұр Бейсенбаев депутаттардың шетелге шығып демалуына ешқандай шектеу жоқ екенін айтты.

«Шетелге шыққысы келсе, бізде ешқандай шектеу жоқ. Мүмкіндігі болса, барып демалсын», - деді  Бейсенбаев.

«AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы атағандай, елде бірқатар мәселе бар.

«Ол – жұмыссыздық мәселесі. Біз әлі күнге дейін нақты статистиканы көре алмай отырмыз. Тәуелсіз әлеуметтанушылар халықтың 10 пайыздан астамыз жұмыссыз дейді. Мен олармен келісемін. Біздің Үкімет әлі күнге дейін бұл проблеманы жасырып отыр. Үкімет жұмыссыздыққа нақты жауап бере алмай отыр деген сөз. Екіншіден, мемлекеттік сатып алу мәселесі де тұр. Қазақстан бойынша мектеп құрылыстарының 20 пайызы тоқтап тұр. Бұл – үлкен мәселе. Түркістан облысында, Алматы облысында, Алматы мен Астана қалаларында екі ауысымды ғана емес, үш ауысымды мектептер де бар. Дамыған елдерде оқушылар тек бір ауысыммен білім алады», - деді Елнұр Бейсенбаев.