Биыл 143 мектеп ашылады - Смайылов

Автор: Аягөз Құрмаш

Келесі жылы 216 мектеп ашылмақ

Фото ашық дереккөзден

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов «AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының алғашқы республикалық форумында білім саласы жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Жайлы мектеп» ұлттық бағдарламасы аясында 2026 жылға дейін 7-8 мың оқушыға арналған 368 жаңа мектеп ашылады. Оның ішінде биыл 216 мектептің құрылысы басталып, келесі жылы беріледі. Биыл Ұлттық жобадан тыс, басқа қаржыландыру көздерінен 143 мектеп ашылады. Осы ретте мәслихаттар тарапынан да құрылыс барысы мен пайдалануға берілуін бақылау маңызды», - деді ол.

Смайылов атағандай, Үкімет пен жергілікті органдардың негізгі міндеттерінің бірі – бағаны тұрақтандыру.

«Биыл мамыр айында инфдяция 21 пайыздан 15,9 пайызға дейін баяулады. Біздің алдымызда жыл соңына дейін инфляцияны екі есеге дейін төмендету мақсаты тұр. Өткен жылы 44 салада бизнес үшін 10 мыңнан астам негізсіз талап анықталды. Оның 9 мыңнан астамы жойылды. Қалған 1 мыңға жуық талап заңнамаға өзгерістер енгізілгеннен кейін жойылады», - деді Үкімет басшысы.

Айта кетейік, еліміздің барлық өңірінен Мәжіліс пен мәслихаттардағы фракция мүшелері саяси іс-шараға жиналды. Бүгінгі Форумға жалпы 2500-ден астам партияластар қатысып жатыр. Форум барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын жүзеге асыру аясында өңірлерді дамыту, сондай-ақ мәслихаттардың өкілеттіктерін кеңейту мәселелері талқыланады.