Қостанай облысында мердігердің жауапсыздығынан бүтін бір ауыл судан таршылық көріп отыр

Azattyq Rýhy

Ершов ауылын орталықтандырылған ауыз сумен қамтуға бюджеттен 2019 жылы 1 млрд 224 млн теңге бөлінген

Қостанай облысында мердігердің жауапсыздығынан бүтін бір ауыл судан таршылық көріп отыр
Фото ашық дереккөзден

Қостанай облысында бүтін бір ауыл судан таршылық көріп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

Қостанай облысының Ершов ауылы екі жыл бұрын орталықтандырылған су желісіне қосылуы керек еді. Бірақ жеке үйлерге құбыр тартылғанымен су жеткен жоқ. 

 Бақытжан апа көлік жүргізушісіне соңғы келгенінде су жетпей қалғандығын айтып, бұл жолы қалыс қалдырмауын сұрап, өтінішін білдіріп жатыр. Тағы да құр қаламын ба деп қорқады.  Тасымал суға қараған күнің осы деп налиды қейуана. Осыдан үш жыл бұрын ауылға құбыр тартыла бастағанда мұндағы жұрт қалай қуанды. Қазір сол көңілдері суып, сенімдері жоғала бастағандай

Ершов ауылын орталықтандырылған ауыз сумен қамтуға бюджеттен 2019 жылы 1 млрд 224 миллион теңге бөлінген. Аудан басшыларының айтуынша тендерді ұтып алған кәсіпорын жұмысты суб мердігерге жүктеген. Кейін екеуінің арасында қаржыға байланысты кикілжің туып, субмердігер бәрін тастап тайып тұрған

Мойнына алған міндетін уақытында және толық орындамаған мердігерді аудандық әкімдіктің шағымымен сот жауапсыз деп таныды. Одан кейін қайта тендер жариялағанша, арада бір жыл өткен. Қазір нысанда басқа мердігер жұмыс істеп жатыр. 4,5 шақырым магистралды желі,  ауыл ішіне 25 шақырым тарату құбыры тартылған. Орталық желіге 200-ден астам абонент қосылыпты. 

«Мердігер кәсіпорынмен, тұрғындармен апта сайын кездесу өткіземіз. Жұмыс барысы жіті бақылауда. Жоспар бойынша нысан 31 желтоқсанда пайдалануға берілуі тиіс. Алайда мердігер жұмысты шілде, тамызда аяқтаймыз деп отыр. Қазір жоба бойынша соңғы нысан - суды ауылға тарататын сорғы станциясының құрлысы жүріп жатыр», - дейді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Владимир Шерстюков.

Жалпы Ұзынкөл ауданындағы 32 ауылдың жартысы сапалы ауызсумен қамтылған. Биыл олардың қатары  Ершовты қосқанда тағы 6 елдімекенге артуы тиіс.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.