$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.03.2020, 16:34
Қоғам

Алматылықтар үйде маска тігіп, бизнес жасап жатыр

Қолдан тігілген бетперде 350  теңге тұрады

Алматылықтар үйде маска тігіп, бизнес жасап жатыр

Алматылықтар дәріханаларда жоғалып кеткен маскаларды үйде тігіп, сататын бизнесті қолға алды  деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Қыз-келіншектер қолдан маска тігіп, оны Инстаграм арқылы жарнамалап жатыр. Қоронавирустан қорыққан адамдар қолдан тігілген масканың сапасы мен бағасына  мән бермей сатып алып жатқан көрінеді. Өзін Арай деп таныстырған келіншектің айтуынша, тапсырыс өте көп.

«Масканың бәрі мақтадан тігілген. Көп рет қолдануға болады. Жуып, үтіктеп қайта таға бересіз. Бүгін 500 дана маскаға тапсырыс алдым, үлгере алмай жатырмын. Бір данасы 300 теңгеден. Бір-екі күнде дайындап үлгере алмаймыз, тапсырыс көп, кезекке қойып жатырмыз. Дайын болғанда, өзіміз хабарласамыз», - деді сұрақтарға сақтана жауап берген ол.  

Маска тігетіндер бағаны түсіре алмайтындарын айтты. Доллардың қымбаттауына байланысты  базарда мата бағасы өскен. Үйді шағын  тігін цехына айналдырған қыз-келіншеткер балаларға, ересектерге деп жеке-жеке маска тігеді. 

«Қазір тапсырыс көп, рас айтамын, үлгермей жатырмыз.  Үш күннен соң хабарласыңыз. Тапсырысты аздан қабылдамаймын, 10 данасы 3500 теңге тұрады. Доллар көтерілсе де, біз масканың бағасын  әлі қымбаттатпадық. Дайын болғанда Боралдайдан келіп алып кетіңіз. Кезекке қойып, алдын ала ақысын төлегендерге дайындайымыз. Маска мақта мен матадан екі қабатталып тігілген.  Мұрынды тіремейді», - деді өз өнімінің мақтауын асырған Нұргүл есімді келіншек.

Ал кәдімгі медициналық маскалар дәріханаларда жоқ болғанмен, ғаламторда толып тұр. Бір данасы 150-250 теңге аралығында жарнамаланған үш қабатты медициналық  маскаларды кемі жүз мың данадан  ғана сатып алуға болады. Тұрғындар дәріханаларға барудан шаршағандықтан жеке адамдарға тапсырыс беріп жатқандарын айтады.

«Ой, қанша күн болды, баяғыда сатып алған маскаларды тастамай, жуып-жуып қоланып жүрміз ғой.  Дәріханаларда жоқ қой мүлдем. WhatsApp топтардан сұрастырып жүріп, қолдан тігетін амадарды таптық. Қайтеміз енді, қорыққан соң сақтық шарасын жасаған болып жатырмыз», - деді балаларына маска таппай жүрген тұрғын Убайдолла Сәлімбаев.

Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы жетіспей жатса, қолдан тігіп қолданудың еш әбестігі жоқ екенін айтты.

«Біріншіден мен қолдан тігілген маскаларға жауап беретін маман емеспін. Ондай құзіретім жоқ. Оған арнайы мамандар жауап беруі керек. Бірақ, Кеңес Одағы кезінде тақтық. Сол заманда дәкеден, матадан тігіп, тағып жүре беретінбіз. Жоқтан гөрі осы жақсы», -  деді  басқарма басшысы Тілеухан Әбілдаев.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары