ШұғылCOVID-19 жұқтырған 16 науқас аса ауыр халде жатыр

Алматыда мейрамханалар мен дәмханалардың және онлайн-дүкендердің жұмысы күшейеді – әкімдік

Қалаға азық-түлік тасымалдайтын жүк көліктеріне «жасыл дәліз» ұйымдастырылған

Алматы тұрғындарын тағам өнімдерімен қамтамасыз ету үшін қалалық резервтен қосымша 5 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев тұрғындарды азық-түлік тауарларымен қаматамасыз ету, медициналық маска және тамақ өнімдерімен қамтитын сауда орындарының жұмысын жүйелеу тақырыбында өткен онлайн-брифинг барысында айтты.

АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚОРЫ 3 АЙҒА ЖЕТЕДІ

Алматыда қазіргі таңда әлеуметтік маңызды тауарлар бойынша «Алтын Орда» логистикалық орталығы жұмыс істеп тұр. Ал көкөніс тасымалдау бойынша Павлодар және Түркістан облысы әкімдігімен келісімшарт пысықталды. Қалада азық-түлік қоры алдағы 3 айға жетеді.

«Қалаға сырттан келетін немесе сыртқа шығатын азық-түлік тасымалдаушы көліктер мен логистикалық қызмет түрлеріне «жасыл дәліз» қамтамасыз етіледі. Алматыда әлеуметтік маңызды 19 түрлі тауардың түрі бар. Бұлар бойынша дефицит жоқ. Тиісті көлемде жеткізіледі. Бірақ жекелеген кәсіпкерлердің бағаны көтеру дерегі тіркеліп жатыр. Түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Аудан әкімдері өз аумағындағы дүкендерден тұрғындарға азық-түлікті пәтеріне немесе үйіне дейін жеткізіп беруді қамтамасыз ететін механизмді іске қосты», - деді С. Тұяқбаев.

БЕТПЕРДЕ БАҒАСЫ 87 ТЕҢГЕДЕН АСПАЙДЫ

Қала билігі медициналық маска бойынша бақылауды күшейткенін айтады. Алматыда 48 дәріхана белгіленді. Тәулігіне бұл дәріханалар белгіленген баға бойынша 80 мың бетперде саудалауы тиіс. Олардың бағасы 87 теңгеден аспауы керек.

«Маска бойынша дәріханалардың мекенжайлары әкімдіктің сайтында көрсетілген. Қаладағы 8 ауданда барлығы 48 дәріхана таңдап алынды. Тұрғындар үшін орналасуы қолайлы. Олар бағаны 87 теңгеден асырса, жазаланады. Арнайы бейнебақылау орнатылған. Тұрғындардан шағым болса, бірден бейнетүсірілімді тексеріп, шағымы расталса, сатушылар тиісті жазасын алады», - дейді әкімдік өкілі брифингте.

ОНЛАЙН-ДҮКЕНДЕР ЖҰМЫСЫН ЖАНДАНДЫРУЫ ТИІС

Алматыда төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасы іске қосылды. Бұл мақсатқа бюджеттен 7,5 млрд теңге қарастырылды. Кәсіп иелеріне жылдық мөлшерлемесі 6%-дан аспайтын жеңілдетілген несие беріледі. Кәсіпкерлікті сауықтырудың басқа да тетіктері жұмысын бастады.

«Бұл күндері мейрамхана мен дәмхана иелерінен тұтынушыға қажетті тағамды үйіне жеткізіп беруге, ал онлайн-дүкендерге жұмысты жандандыруға кеңес берілді. Бұл бағытта оларға әкімдік тарапынан қолдау жасалады. Ал фитнес, спа-салондар, сұлулық салондары мен қоғамдық моншалар жұмысын толық тоқтатты», - дейді әкім орынбасары.

Алматыда пошта, банк қызметіне шектеу жоқ. Олардың 80 пайызын мүмкін болған жағдайда, онлайн редимге көшіруге кеңес берілді. Бірақ мәжбүрлеу болмайды деді С. Тұяқбаев арнайы брифингте.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы