Ыстамбұлдан ұшып келген алматылық студент дәрігерлерге өзі барған
Инфекция жұқтырған студентпен қарым-қаныста болған тұлғалар дереу оқшауландырылған
Бүгін Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы екі азамат тіркелді. Оның біріншісі – 1998 жылғы қыз бала, студент. Ол кеше түнде инфекциялық ауруханаға арнайы тексерілу үшін өзі барған. Жоғары оқу орындарының бірінде оқитын студент Ыстамбұл – Алматы рейсі арқылы Алматы қаласына 15 наурызда ұшып келген. Бұл туралы бүгін қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев онлайн-брифингте айтты.
«Шетелден ұшып келген қыз кеше түнде дәрігерлер көмегіне өзі жүгінген. Біздің инфекция мамандары одан тиісті анализ алып, жедел тексеруге кіріскен. Таңға жуық пациенттен коронавирус анықталды. Инфекция жұқтырған студентпен қарым-қатынаста болған тұлғалар да дереу оқшауландырылды. Қазір тиісті емдеу шаралары басталды», - деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, 18 наурызда сағат 09.00-дегі мәліметке сәйкес, Алматы қаласында коронавирус жұқтырғандар саны 17 адамға жетті. Дертпен күресу шараларына қала резервінен 12,4 млрд теңге қарастырылып отыр. Алматыда қауіпті вируспен күреске 1300 медицина қызметкері жұмылдырылды. Қазір елде 1536 адам карантинде жатыр, ал 1094 адам үй жағдайында оқшауланған.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы