Ол шаруа мен малшының жұмысы ауыр екенін айтты
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ардақ Назаров малшылардың мәртебесін көтеру мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Бүгінгі мәселені көтеру себебім, ауылдағы малшының жағдайы. Менде ауылдың баласымын, төрт түлік малдың бәрін бақтым. Мал бағудың машақаты мен қиындығын жақсы білемін. Біздің қазақта: «Балықшы желде, диқан жаңбырда, малшы өлгенде демалады» деген ата сөзіміз бар. Қала қазағы кәделеп асқан етімен, сыйлы қонағын күтеді. Алайда осы сый-құрметтің артында сонау ауылдағы ағайынның тынымсыз еңбегі, маңдай тері әрі мал бағудың үлкен жауапкершілігі мол шаруа екенін сезіне бермейді. Шаруа мен малшының жұмысы ауыр», - дейді ол.
Депутаттың айтуынша, жаздың ми қайнатар ыстығы, көктем-күздің жаңбырлы түні мен бүйірден соққан желі, қаһарлы қыстың қырауына қарамастан малды аман сақтау оның міндеті.
Осыны ескере келе Ардақ Назаров малшының мәртебесін көтеру жөнінде бірнеше ұсыныс айтты:
«Ең басты мәселе жыл сайын әр өңірден білікті шаруалар мен малшылар анықталып, Мемлекет басшысының қолынан «Еңбек Ері» атағын беруді ұсынамын. Кезінде малшы мәртебесі биік болғаны соншалық «Батыр, Социалистік Еңбек Ерлері» Жолсейіт Молдасанов, Жазылбек Қуанышбаев сынды аталарымыз әлі ел есінде. Жоғарыдағы айтылған құрмет пен ескерулер, жағдайлар жасалса, малшының мәртебесі көтеріліп, біліктілігі артады, өз аралында шабыт алып, малдың басы көбейеді. Кейінгі буын арасынан ата кәсіпке бет бұрушылар мен қызығушылардың саны артады», - деді Назаров.