Алматы ауруханасында АИТВ жұқтырғандармен байланыста болғандар тексеріліп жатыр
Министрлік аталған жайт бойынша тексеру барысын жариялады
Эпидемиологиялық ахуалдың мониторингі барысында Алматы қаласының ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасында емделіп жатқан АИТВ-ның оң мәртебесі бар 3 пациентті анықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, құрамына ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті орталық аппаратының және Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің және олардың аумақтық бөлімшелерінің мамандары, сондай-ақ бейінді мамандар енгізілген комиссия ағымдағы жылдың 14 маусымынан бастап осы оқиғаны тексеруді бастады.
Тексеру шеңберінде пациенттердің бағыты белгіленеді, ОКҚА-да көрсетілетін медициналық қызметтердің көлемі мен сапасы және пациенттер емдеуге жатқызылған бөлімшелерде медициналық көмек көрсетуге байланысты инфекциялардың профилактикасы бойынша инфекциялық бақылаудың сақталу мониторингі бағаланады.
«Тексеру барысында барлық пациент 2023 жылдың сәуір айында ОКҚА-ның бірнеше бөлімшелерінде медициналық көмек алғаны анықталды.
Қазіргі уақытта пациенттердің маршрутын ескере отырып, байланыс шеңбері белгіленуде. Бүгінгі таңда 593 байланыста болған адамнан АИТВ-ға тексеру үшін материал алынды, оның 419-ы теріс нәтиже көрсетсе, қалғаны 174-і тексеріліп жатыр», - делінген ДСМ хабарламасында.
Денсаулық сақтау министрлігі аталған жайтқа қатысты тексеру барысын ерекше бақылауда ұстайтынын және ол туралы жұртшылықты үнемі хабардар етіп отыратынын мәлімдеді.
Еске салайық, 14 маусымда Алматының Орталық қалалық клиникалық ауруханасында бірнеше адамның АИТВ жұқтырғаны туралы ақпарат тараған болатын. Аталған мәселеге қатысты пікір білдірген Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният арнайы комиссия құрылғанын және министрліктің ең үздік мамандары аталған ауруханаға жіберілгенін мәлімдеді.