Алматыда ата-аналар жекеменшік түзету орталығының жұмысына шағымданды

Автор: Azattyq Rýhy

Прокуратураға шағым түсірген соң, емдеу орталығының лицензиясы болмағаны анықталды

Фото ашық дереккөзден

Аутист балаларды адам шошыршылық жағдайда емдеген. Алматыда ата-аналар жекеменшік түзету орталығының жұмысына шағымданды. Олар мекеменің іші санитарлық талапқа сай емес, дімкәс ұл-қыздарымыз жерде жатып, күні бойы аш құрсақ жүрген деп ашулы. Бұл туралы Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

 Ең сорақысы, жарнамасы жер жарған мекемеде ерекше балаларға ем-шараны тәжірибелі мамандар емес, колледж студенттері жүргізген. Прокуратураға шағым түсірген соң, емдеу орталығының лицензиясы болмағаны анықталды.   

Аутизмге шалдыққан және дамуы нашар балаларға арналған жекеменшік түзету орталығының ас бөлмесінде еден мен баспалдақ шіріп, айналаны шаң басқан. Жеткіншектер ойнайтын және жататын бөлме де лас. Мұнда санитарлық талап туралы айтудың өзі артық. Бұл видеоны көріп жағасын ұстаған ата-аналар орталыққа алып-ұшып жетті. Олар балаларымыз жерде ұйықтап, таңнан қара кешке дейін аш жүрген деп ашулы. Сөйлей алмайтын, күтімді қажет ететін мүгедек перзентіміз мұнда ауруын, керісінше, асқындырды дейді шағымданушылар.

Жарнамасы жер жарған мекемеге әр ата-ана ай сайын 200-250 мың теңге төлеп келген. Әу баста орталықтың басшысы уәдені үйіп-төгіп, ұл-қыздарыңызға мықты мамандар уақтылы емдеу шарасын жасайды деп сендірген. Сайып келгенде мұнда ерекше балалармен тек колледж студенттері ғана жұмыс істепті.

Шыр-пыр болған аналар екі қабатты орталықтың ауласына кірді. Бірақ ғимараттың есігі жабық тұр. Ең сорақысы, дамуында ауытқуы бар, ақыл-ойы тежелген балаларды оқытатын «Прогресс» деп аталатын мекеменің лицензиясы жоқ болып шықты. Телефон тұтқасын әзер көтерген басшысы: «Біз балабақша емеспіз. Ресми құжаттың қажеті жоқ» дегенінен танбайды. Ал Алматы білім басқармасы аталған орталық заңсыз жұмыс істеп келген деп отыр. 

«Бұл мекеме білім басқармасының базасында тіркелмеген. Бұл мекемеге санитарияэпидемиологиялық қорытынды берілмеген. Сондықтан ол қорытынды алмаған жағдайда, бұл мекеме балаларды ешқандай қабылдай алмайды. Қабылдауға ешқандай құқы болмайды. Қазіргі уақытта біздің мамандар барды. Бірақ бұл орталықтың жұмыс істемейтінін көріп қайтты. Ешкім жоқ», - деді  Алматы білім басқармасының бас маманы Мәншүк Зейітова.

«Орталық жабылсын» деген ата-аналар прокуратурға арызданбақ. Енді аталған мекеменің заңсыз қалай жұмыс істегенін қадағалушы орган анықтап, шара қолданатын болады. Сондай-ақ санитария-эпидемиологияны бақылау басқармасының мамандары да жоспардан тыс тексеріс жүргізуді жоспарлап отыр.