Ақтөбеде апатты үйдің тұрғындары жаңа үй құрылысына рұқсат ала алмай жүр
Қоғамдық тыңдаудан нәтиже болмаса тұрғындар сотқа жүгінбек

Ақтөбеде апатты үйдің тұрғындары шу көтерді. Айтуларынша 35 отбасы далада қаңғып қалған. Өйткені бес жыл бұрын «апатты» деп танылған үй тұрғындарына инвестор жаңа үй салып беретін болыпты. Бірақ құжаттары дұрыс болмай, құрылыс ұзаққа созылатын түрі бар. Ал баспанасыз қалған тұрғындар қазір пәтер жағалап жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.
Бұл тұрғын үй бес жыл бұрын апатты жағдайда деп танылған. Ал бір ай бұрын мұндағы тұрғындардың барлығы қауіпсіз жерге көшірілген. Тап қазір есік, терезесі жоқ тұрғын үй қаңғыбастардың мекеніне айналыпты.
Бұл апатты жағдайдағы жатақхана елуінші жылдары салынған. 35 отбасыға шақталған баспана адам тұруға келмейтін халде. «Апатты» деп танылған үйге жуырда инвестор тартылып, орнына бес қабатты жаңа үй салынатын болған. Бірақ құрылыс әлі басталмады.
Негізінен бұл жатақхана тұрғындарының дені көпбалалы аналар мен зейнеткерлер. Жаңа үйдің елу пайызы осы апатты жағдайдағы үй тұрғындарына берілмек. Әр тұрғынға жаңа үйден 20, 30 шаршы метр тегін берілсе, қалған бөлігін олар несиеге рәсімдемек. Әу баста мердігер мекемемен осылай келісім жасалған. Енді көрші үйлердің тұрғындары бес қабатты үйдің құрылысына қарсы шығыпты. Содан кейін жоба экспертизадан өтпей қалыпты.
«Проектіні кесіп тастаңдар, бір подъездін алып тастаңдар дейді. Ол ойыншық емес қой. Ол деген 800 млн тұратын проект. Қазір мынаны кесіп тастасақ, пайдасы болмайды. Пайдасы болмаған соң, инвестор келмейді. Біздер шығынға батамыз. Басында рұқсат берді. Енді басқа команда келіп бас тартып отыр», - дейді мердігер мекеме басшысы Бауыржан Китанов.
Ал әкімдіктегілер қазір көрші үйдің тұрғындары қарсы болғандықтан тағы бір қоғамдық тыңдау өткізуді жоспарлап отыр. Тек содан кейін ғана мәселе шешілуі мүмкін.
«Әкімшіліктен рұқсат қағаздарын алды. Қазіргі уақытта эскиздік жобасы да келісілді. Әрі қарай инвестордың жұмысы рабочий проект жасап, содан кейін экспертизадан өтуі керек. Заңға сәйкес қадамдары бар. Солардан өту керек», - дейді қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Сұлтан Аманшин.
Қоғамдық тыңдаудан нәтиже болмаса тұрғындар сотқа жүгінбек.