Нұржан Әлтаев аса ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдік бойынша ұсталды - Антикор
Аталған іске «Атамекен» ҰКП бұрынғы Басқарма төрағасы Мырзахметовтің де қатысы бар
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Еңбек және әлеуметтік қорғаудың бұрынғы вице-министрі, Мәжілістің экс-депутаты Нұржан Әлтаевтың қандай күдікке ілінгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattq Ruhy.
«7 маусымда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жасырын іс-шаралар кешенінің нәтижелері бойынша экс-вице-министр Нұржан Әлтаевты аса ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдік бойынша ұстады.
Н.Б. Әлтаев Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі, кейіннен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде жүйелі негізде «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының Басқарма төрағасы А.И. Мырзахметовтен аса ірі мөлшерде пара алды деп күдіктенеді», - делінген хабарламада.
Белгілі болғандай, 2018-2020 жылдар кезеңінде жауапты мемлекеттік лауазымдарды атқара отырып, ол А.И. Мырзахметовтың мүддесі үшін әрекет етіп, оның ұйымына мемлекеттік тапсырыстарды алуына ықпал етіп, жалпы қамқоршылық көрсеткен.
Қазір Н.Б. Әлтаев Астана қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасуда.
ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.