«Төтенше жағдай мерзімінен бұрын тоқтатылуы да мүмкін» – Ерлан Қарин Тоқаевтың шешімін түсіндірді

Автор: Azattyq Rýhy

Президент кеңесшісі биліктің жедел әрі ілгері әрекет етіп жатқанын атап өтті

фото: tarlan.kz

Президент кеңесшісі Ерлан Қарин Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда төтенше жағдай жариялау туралы шешіміне түсінік берді. Оның айтуынша, төтенше жағдай режимі мерзімінен бұрын тоқтатылуы да мүмкін.

«Қазақстан төтенше жағдай енгізген жалғыз мемлекет емес. Төтенше жағдай тәртібі АҚШ, Италия, Болгария, Сербия, Эстония, Румыния, Чехияда және тағы басқа да елдерде енгізілген. Бірқатар мемлекеттер вирустың таралуы кең етек жайып және жағдай бақылаудан шыға бастаған кезде ғана төтенше жағдай енгізуге мәжбүр болды. Қазақстандық билік төтенше жағдайды алдын алу шарасы ретінде енгізуде. Бұл ретте, біздің билік жедел әрі ілгері әрекет етуде. Төтенше жағдай режимін енгізу – уақытша шара, ол ұзартылуы да мүмкін. Егер эпидемиологиялық жағдай ушықпаса, төтенше жағдай режимі мерзімінен бұрын тоқтатылуы да ықтимал. Бірақ әзірге бәріміз – мемлекеттік органдар, бизнес пен ел азаматтары жаңа жағдайға икемделуіміз тиіс. Басты басымдылық – xалқымыздың денсаулығы», - деп жазды Ерлан Қарин.

Айта кетсек, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Қазақстанда төтенше жағдай жарияланған болатын.