$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Әкім маған көмекке берілген екі мың кірпішті үйіне түсіріп алыпты – Ақмырза ауылының тұрғыны

Ақмырза ауылының әкімі Кенжетай Дүйсенов бұлай істеуімнің себебі бар дейді

Әкім маған көмекке берілген екі мың кірпішті үйіне түсіріп алыпты – Ақмырза ауылының тұрғыны

Редакциямызға Ерейментау ауданы Ақмырза ауылының тұрғыны Жекей Қиянат хабарласып, былтыр күзде болған өрттен кейін қиын жағдайға тап болғанын айтты, деп жазады Azattyq Ruhy.

«Көршім өлді, мен үйсіз қалдым»

62 жастағы Жекей Қиянат Ерейментау ауданы Ақмырза ауылының тұрғыны. Былтыр, яғни, 2022 жылы қараша айында көршісінің үйінен басталған өрт Жекей Қиянаттың да үйін шарпып, тең жартысын жоқ қылған.

«2022 жылы қарашаның 13-інен 14-іне қараған түні жалғыз тұратын көрші әйелдің үйінен өрт шыққан. Жалғызбасты келіншек коммуналдық қызметтің ақысын төлемеген екен, сондықтан, жарығын кесіп кеткен, май шам жағып ұйықтап қалған болу керек. Абырой болғанда сол күні ауыл тұғыны Торғай жақтан тойдан қайтып келе жатқанда, біздің үйдің шатыры жана бастағанын көріп, бізді аман алып қалды. Әйтпесе, шырт ұйқыда жатқан мен де, әйелім де ажал құшар ма едік?», - дейді бізге сұхбат берген Жеке Қиянат.

Өрт кезінде көрші әйел мерт болған. Жекей Қиянаттың үйі сақтандырылмағандықтан, төлем де ала алмайды. Өзі үшінші топтағы мүгедек қария жергілікті әкімдіктен көмек сұраған.

«Қазір ауылдағы бір адамның сатылып кеткен үйінде тұрамын. Оны маусымның бірі күні босатуым керек. Үйім өртеніп,  көмек сұрағанда, Ерейментау ауданының әкімдігінен 517 мың теңге көмек бөлінді. Ақмырза ауылының әкімі «дүкендерге қайырымдылық жәшігін орнатамыз, халықтан көмек жинаймыз» деген. Мен үнемі барып, не болып жатқанын біліп тұрамын ғой. Соңғы кезде әкім маған «қайта-қайта келе бересің, жан-жақтан сұрай бересің» деп ұрсатын болды. «Сайлау өтсін» деді, ол өтті. Сайлаудан кейін мен әкімдікке барып, тікелей эфир арқылы «AMANAT» партиясының облыстық филиалындағы депутаттардан көмек сұраған едім», - дейді Жекей Қиянат.

«Аға, 2000 кірпіш жібердік, алдыңыз ба?»

Тікелей эфирден кейін біраз уақыт өткен соң Жекей Қиянатқа қоңырау шалған партия өкілдері көмек ретінде жіберілген 2000 дана қызыл кірпішті алдыңыз ба деп сұраған. Бірақ, кірпіш тұрмақ, «кірпіш келе жатыр» деген сөзді естімеген Жекей Қиянат абдырап қалып, қоңырау шалған адамдарға «ешқандай кірпіш көрген жоқпын» дейді. Осылайша, мәселені анықтау үшін Ерейментау ауданынан бірнеше адам келеді.

«Бір әйел адам, екі ер адам келді. Үшеуміз ауыл әкіміне бардық. Анықталғанындай, ауыл әкімі маған айтпай әлгі кірпішті өз үйінің жанына түсіртіп алыпты. «Неге олай істедіңіз?» деген сұраққа «ұрлап кетеді деп ойладым» деп жауап берді. Ол неге маған хабарласып, «аға, кірпіш келе жатыр, қайда қояйық, қай жерге түсірейік деп сұрамай, өзі сондай шешім қабылдайды? Менен сұраса, мен қайда қоятынымды айтамын ғой», - дейді Жекей Қиянат.

«Өртенген үйдің айналасы ашық, жоғалып кетеді деп ойладым»

Біз Ерейментау ауданы Ақмырза ауылының әкімі Кенжетай Дүйсеновтің телефонын тауып, хабарластық. Ауылда ұялы байланыс жөнді жұмыс істемейтіндіктен, бірден хабарласу мүмкін болмады. «Қазір wi-fi-ға қосылып отырғандықтан ,байланыс бар» деді WhatsApp желісі арқылы қоңырауға жауап берген әкім.

Ақмырза ауылын үш жылдан бері басқарып отырған әкім Кенжетай Дүйеновке біз де ең алдымен Жекей Қиянаттың сауалын қойдық: неге әкім көмек тиесілі адамға хабар бермей, кірпішті өз үйіне түсіріп алған?

«...кірпіш жексенбі күні кешке келді. Дүйсенбі мен жұмыста болдым, сейсенбі күні кешке келіп көрді. Ол кісінің өртеніп кеткен үйінің алдында қоршау жоқ, сондықтан, ұрлап кетеді деп ойлап, өз үйімнің алдына түсірттім. Бірақ, келіп, сол өртенген үйдің алдына апарып беріңіз деген соң, жігіттерді шақырып, апарып қойдық. Қазір кірпіш үйінде»,-дейді әкім.

«Неге ол кісіден «кірпіш келе жатыр, қайда апарайық» деп бірауыз сұрамадыңыз?» деген сұраққа әкім былай жауап берді:

«...ауылда байланыс нашар, өзіңіз де жаңа бірден хабарласа алмапсыз. Дүйсенбі, сейсенбі күндері жұмыс көп болды...».

«Балалары келіп бір кірпіш қаласа, ауыл халқы көмектеседі»

Кенжетай Дүйсенов ауыл тұрғыны Жекей Қиянат әуел баста үкімет берген 517 мың теңгені жұмсап қойған дейді.

«Үкіметтің жетінші бағдарламасы бойынша ол кісіге 517 мың теңге бөлініп, өзіне бергеміз. Ол кісі ақшаны жұмсап қойыпты. «Неге жұмсайсыз?» десем, «азық-түлігім, күнделікті тіршілігіме ақша керек болды» дейді. Бірақ, ол үйін қалпына келтіруге бөлінген қаражат. Ол кісінің төрт баласы бар, екі қыз, екі ұл. «Балаларыңызды шақырыңыз, келіп, үйді жөндей бастаса, ауыл адамдары асарлатып, үйіңізді жөндеп береміз» деп айтқамын. Бірақ, ол кісі балаларымның өз отбасы бар, қалада тұрады деп тек әкімдіктің жөндеп бергенін қалайды», - дейді Кенжетай Дүйсенов.

Бірақ Жекей Қиянаттың айтуынша, оны аудандық әкімдік баспаналы болғанға дейін азық-түлігі мен отын-суына жаратсын деп берген.

«Комиссия құрылып, отбасы мүшелерін тексерген. Барып тұратын балаларыңыздың да баспанасы жоқ екен деп маған 517 мың теңгені алғашқы көмек, яғни, азық-түлігім мен көміріме берген» дейді ол.

«Зардап шеккен адамның атына емес, ауылдағы қоғамдастық өкілінің шотына ақша жинаймыз»

Былтыр қараша айындағы өрттен кейін Жекей Қиянат жергілікті мешіт, қайырымдылық қорларынан өз атыма ешқандай көмек түскен жоқ дейді. Ауыл әкімімен сұхбат кезінде осы мәселе төңірегінде де бірнеше сұрақ қойдық. Яғни, халықтан жылу жинау, есепшотқа көмек жиналған жоқ па деген сұрақ қойдық. Әкімнің айтуынша, Жекей Қиянаттың есепшоты емес, ауылдағы қоғамдастық өкілі Валентина Кладьконың атына шот ашылған. Оған ешқандай қаражат түспеді деген әкім кенет жергілікті шаруа қожалығы жіберген 100 мың теңгені еске алды.

«Ол кісі енді әлгі 517 мың теңгені ұстап қойды ғой. Сондықтан, қоғамдастық өкілі Валентина Кладьконың атына шот ашып, өрттен үйі бүлінген адамға көмек сұрадық, жергілікті чаттарға жіберіп, шаруа қожалықтарына хабарладық. Бірақ, ол шотқа ешқандай ақша түскен жоқ...Жоқ, қазір 100 мың теңге жатыр, оны жергілікті шаруа қожалықтарының бірі берген еді. Ол ақшаға тиіскен жоқпыз», - дейді Кенжетай Дүйсенов.

Ашықтық үшін біз есепшот бойынша барлық скриншоттарды, ашық мәліметтерді сұраттық. Бұл сұрауымызға әкім аты-жөні белгісіз бір адамның жеке шотына аударылған 100 мың теңге қаражаттың суретін жіберді.

Ал Жекей Қиянат болса, «айналдырған бір апта ішінде маусым айы да келеді, сонда мен қайда барып тұрамын» деген мәселеге қиналып отыр.

«Екі қыз, екі ұлым бар. Үшеуі бас құраған. Олардың басында да баспана жоқ, пәтер жалдап тұрады. Өзім құрылыста жұмыс істегенде аяғымды тоқ соғып, жұмысқа жарамсыз болып қалғамын. Биыл желтоқсан айында зейнетке шығамын, қазір денсаулығыма байланысты еш жерде жұмыс істемеймін. Ауыл әкімі қазір маған өте дөрекі сөйлейді, «сен бәрін шулатасың» деп, екеуміз сөзге келіп қаламыз. Енді 2000 кірпіш келді, соған құрылыс материалдарын қосып, әкімдік не үйімді жөндеп берсе, не үй берсе. Әйтпесе, маусым басталғанда, мен қайда барамын?»,-дейді Жекей Қиянат.

Әкім болса әуел басқы сөзін қайталап отыр.

«Қазақ ешқашан ата-анасын көмексіз қалдырмаған ғой. Балалары бар, келіп, жұмысты бастаса, ауыл халқымен бірігіп, үйін аяқтап береміз», - деді уәде еткен әкім.

Өрт кезінде үйінен айырылған Жекей Қиянатқа көмек беремін деушілер 8 776 353 37 58 нөміріне хабарласып, ақша аудара алады.

Серіктес жаңалықтары